«Болыс болдым, мінеки»: Семейде алғаш рет әкім сайлауы өтеді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ

Фото: kursiv.media архиві

Ертең, яғни 12 қазанда Семей қаласында әкім сайлауы өтеді. Бұл саяси науқан – тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет облыс орталығы әкімінің сайлауы болмақ.

Бұған дейін облыс орталығы басшыларын Президент әкімшілігінің келісімімен облыс әкімі тағайындайтын. Семей әкімдігіне кандидаттарды ұсыну уақыты биыл 28 тамызда басталған. Екі аптаның ішінде аумақтық сайлау комиссиясына сегіз өтінім түскен. Құжаттар тексерілген соң төрт үміткер тіркелген.

Азаттық радиосының мәліметінше, әкім сайлауына түспек болған кандидаттардың тең жартысы негізгі сайлауға өтпей қалған. Жарыс жолынан шыққан қалалық ТЖ басқармасының бұрынғы бастығы Бақытбек Байболов мұны заңсыз деп атап, сотқа жүгінгенімен, жеңіліп қалған. Сот Байболовтың басшылық қызметте үш жылдық тәжірибесі жоқ деген уәж келтірген.

Тіркелген кандидаттар

Тіркелген үміткерлердің үшеуінің бюджет саласында жұмыс тәжірибесі бар, біреуі белсенді әкімшілік қызмет атқарады. Олар:
Айболат Бекжасаров — бұрын Семей қалалық мәслихатының төрағасы болған, сайлау құжаттарында уақытша жұмыссыз ретінде көрсетілген. Бұған дейін ол Әлеуметтік қызмет көрсету орталығын басқарған.
Әділет Қожанбаев – Абай облысы Көкпекті ауданының қазіргі әкімі. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін банк саласында жұмыс істеді, «Қазақтелекомда» және облыстың қаржы құрылымдарында басшылық қызметтер атқарды. 2022 жылы Абай аудандық қаржы басқармасына жетекшілік етті.
Қанат Шапатов — Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы сарайының директоры, қалалық мәслихат депутаты.
Қаныш Төлеуов – Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің директоры. Қоғамдық қызметте.

Бұған дейін Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов қызметінен кеткен. Әр кандидатқа үгіт жұмыстарына 850 мың теңгеден бөлінген. Заң бойынша, журналистер барлық үміткердің үгіт жұмысы туралы тең дәрежеде жазуы керек. Десе де, сайлаудың белсенді үгіт жұмыстары жүргізіліп жатқаны байқалмайтынын кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатыр.

Тіркелген кандидаттарға өз бағдарламаларын сайлаушыларға таныстыру үшін 11 қазан, түнгі сағат 12:00-ге дейін уақыт берілген. 11 қазан тыныштық күні. Бұл күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады. Сайлау күні Семей қаласында 128 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олардың 110-ы ашық, 18-і жабық. Сайлауға шамамен 220 мың сайлаушының қатысатыны күтіледі.

Сондай-ақ оқыңыз