
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев өзінің әпкесі, белгілі композитор әрі қоғам қайраткері Севиль Әлиеваны «Шараф» («Құрмет») орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ақпаратты Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі жариялады.
«Әзербайжан Республикасының Конституциясының 109-бабының 23-тармағына сәйкес, әзербайжан музыкалық өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін Севиль Гейдар қызы Әлиева «Шараф» орденімен марапатталсын», – деп жазылған президент жарлығында.
Севиль Әлиева – композитор, қоғам қайраткері, Space TV телеарнасының негізін қалаушы. Ол бұл арнаны 1990-жылдары әзербайжан мәдениеті мен музыкасын насихаттау мақсатында ашқан. Әлиева классикалық және заманауи музыкалық бағыттарда шығармалар жазып, түрлі мәдени жобаларды жүзеге асырып келеді. Ертең ол 70-ке келеді.
«Шараф» ордені – Әзербайжанның ең жоғары мемлекеттік наградаларының бірі. Орден:
- ел мен ұлт алдындағы айрықша еңбегі;
- мемлекеттік құрылысты дамытуға қосқан үлесі;
- экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және қоғамдық прогреске сіңірген еңбегі;
- ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер, ағарту және денсаулық сақтау салаларындағы жетістіктері үшін табысталады.