
10 қазанда Қазақстаннан 4:0 есебімен жеңілген Лихтенштейн құрамасы ФИФА рейтингісінде 204-орында тұр. Ал спортшылары әлем чемпионатына іріктеуге қатысу үшін жұмысынан демалыс алып келген. Бұл туралы құрама жаттықтырушысы Конрад Фюнфштюк айтты.
Лихтенштейн құрамасы – Еуропадағы ең әлсіз құрамалардың бірі, рейтингте тек Сан-Марино мен Океания аймағындағы бірнеше ұлттық команданы ғана артта қалдырады.
Transfermarkt дерегінше, құраманың жалпы құны 575 мың еуро шамасында. 23 ойыншының ішінде небәрі 6 футболшының ғана трансферлік бағасы бар.
Құраманың бас бапкері – неміс маманы Конрад Фюнфштюк.
«Біздің командада тек бес кәсіби футболшы бар, қалғандары, өкінішке қарай, жұмыс істейді. Мұнда келу үшін олар демалыс алады, біз бұны жоғары бағалаймыз. Олар өз елінің намысын қорғау үшін келеді. Елдердің аумағын салыстырудың өзі дұрыс емес. Тіпті 0:0 есебі – біз үшін жақсы нәтиже болар еді», – деді ол ұлттық құраманың ерекшелігі жайлы.
Құрамдағы ең қымбат ойыншылар – қақпашы Джастин Оспельт, жартылай қорғаушы Саймон Люхингер және қанат шабуылшысы Деннис Саланович.
Еске салайық, «Астана Арена» стадионында өткен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің жетінші тур ойынында Қазақстан мен Лихтенштейн құрамалары кездесті. Матч 4:0 есебімен қазақстандықтардың пайдасына аяқталды.
Бірінші таймның 26-минутында алғашқы голды Ғалымжан Кенжебек соқты. Бірнеше минуттан кейін Кенжебектің пасынан кейін Бахтиёр Зайнутдинов екінші допты қақпаға енгізді. Екінші таймның 59-минутында тағы да Ғалымжан Кенжебек көзге түсті. Төртінші голды Әлібек Қасым соқты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңіндегі екінші жеңісіне қол жеткізіп, өз қоржынына алты ұпай жинады. Келесі сырттағы матч 13 қазан күні Солтүстік Македония құрамасына қарсы өтеді.