
Мәскеудің Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі әзірлеген «Қазақстан өнерінің жауһарлары» атты көрме ашылды. Іс-шара Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының мәдени күндері аясында өтіп жатыр деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінен.
« Кейінгі 34 жылда Мәскеуде қазақ суретшілерінің көрмесі алғаш рет өтіп отыр. Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің картиналары «Крымский вал» галереясында ең соңғы рет 1991 жылдың тамызында қойылған еді. Сондықтан бүгінгі экспозицияны біз Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы жарқын оқиға әрі жаңа белес деп бағалаймыз», – деді көрме туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесі XX ғасырдағы талантты шеберлердің 60-тан астам кескіндеме және мүсін туындыларын қамтиды.
Көрме 23 қарашаға дейін жалғасады. Көрмеге келушілер белгілі қазақстандық мүсіншілер Төлеген Досмағамбетов, Еркін Мергенов, Ольга Прокопьева және Ескен Сергебаевтың еңбектерімен таныса алады. Бұл туындылар қазақ мүсін өнерінің тұтас бір буынының шығармашылық ізденістері мен көркемдік ұстанымдарын айқын көрсетеді.
10-13 қазан аралығында қазақстандық және шетелдік көрерменінің көңілінен шыққан «Время патриотов», «Тоқта, түн!», «Дос-Мұқасан», «1941 жылдың жазы», «90+1» фильмдері мен «Алтын адам» мультфильмін көре алады. Барлық фильм қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі.
Ресейдегі Қазақстанның мәдени күндері қараша айында қазақстандық өнерпаздардың гала-концертімен қорытындыланады.