Жаңалықтар

Алматы облысында мың түйеден құралған керуен Гиннестің рекордтар кітабына енді

Фото: акимат Алматинской области
Алматыда түйе керуені Гиннестің рекордтар кітабына енді / фото: Алматы облысы әкімдігі

Алматы облысының Іле ауданындағы Құрты ауылында өткен ерекше шара барысында мың түйеден құралған керуен ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

20 қыркүйекте бір өркешті түйелер бір шақырымдық қашықтықты жүріп өтті. Оқиғаны Гиннестің рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард-Уильям Стэннинг тіркеді. Оның айтуынша, бұл рекордтың ерекшелігі керуендегі барлық түйе бір ғана иелікке тиесілі, ал өзге елдерде мұндай шаралар көбіне бірнеше меншік иелерінің қатысуымен өтеді.

«Қазақстан мені қатты таңғалдырды. Енді мен бұл елге жұмыс бабымен ғана емес, турист ретінде де қайта оралғым келеді», — деді Стэннинг.

Керуеннің иесі әрі бастамашысы, «Даулет-Бекет» ЖШС директоры Сыдық Даулетовтың айтуынша, дайындық жұмыстары шамамен алты айға созылған.

«Мың түйені бір жерге жинау оңай болған жоқ, бірақ мақсатқа жеттік. Енді алдағы уақытта шұбат фестивалін ұйымдастырып, халыққа қазақтың бай дәстүрін қайта еске салғымыз келеді», — деді Даулетов.