Жаңалықтар

Qazaq Air ұшқыштары еңбек жағдайына шағымданды

Qazaq Air ұшқыштары еңбек жағдайына шағымданды / Фото: flyqazaq.com

Көлік министрлігі авиакомпания Vietjet Qazaqstan (бұрынғы Qazaq Air) басшылығына ұшқыштардың шағымын заңға сәйкес қарастыруды міндеттеді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін авиакомпанияның бір топ ұшқышы басшылыққа ресми түрде жүгініп, еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны қайта қарауды талап еткен.

Олардың негізгі талаптары мыналар:

  • түнгі рейстерге төленетін ақы мөлшерін қайта есептеу;
  • ұшқыштар мен екінші пилоттардың негізгі айлығын көтеру;
  • барлық ұшу құрамына ұшу сағаттарына төленетін ақы мөлшерін арттыру.

«Көлік министрлігі авиакомпаниядан бұл өтінішті қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарауды талап етеді», — делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар, министрлік Vietjet Qazaqstan компаниясының құрылтайшылары туралы да еске салды: 49% акциясы — вьетнамдық Sovico тобына, 49% — «Самұрық-Қазына» ұлттық қорына, 2% — Kazasia Holding Limited компаниясына тиесілі.

Бұған дейін, Костанай – Астана рейсі кезінде ұшақ шассиі тұтанып, рейс тоқтатылған болатын. Компания өкілдері сол кезде жолаушыларға барлық өтемақы мен қолдау шаралары көрсетілгенін мәлімдеген еді.