Жаңалықтар

Костанайдан Астанаға бет алған ұшақтың дөңгелегі өртеніп кетті

Qazaq Air
Фото: shutterstock

Авиакомпания Vietjet Qazaqstan (бұрынғы Qazaq Air) Костанай – Астана бағытындағы рейс кезінде ұшақ шассиінен шыққан түтінге байланысты орын алған оқиғаға түсініктеме берді.

Компанияның хабарлауынша, 2025 жылғы 11 қазанда IQ368 рейсі Костанай әуежайында ұшуға дайындық кезінде техникалық ақау анықталған. Осыған байланысты ұшақтың ұшуы тоқтатылып, әуе кемесі перронға өз күшімен қайта оралған. Кейін жолаушылар терминалға жеткізілді.

Авиакомпания өкілдері мәлім еткендей, барлық жолаушыларға қажетті қолдау көрсетілді, қонақүйге орналастыру, билет құнын толық қайтару немесе басқа рейстерге ауыстыру мүмкіндігі ұсынылды.

Алайда, URA.RU агенттігінің мәліметінше, сол күні Астана бағытына бос рейстер болмаған, сондықтан Вьетнам мен Қытайға транзитпен ұшатын жолаушылар билеттерін өз қаражаты есебінен Алматы арқылы сатып алуға мәжбүр болған.

«Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі авиакомпанияның абсолютті басымдығы. Барлық әрекеттер халықаралық авиациялық қауіпсіздік стандарттарына сай атқарылды», — деп атап өтті Vietjet Qazaqstan өкілдері.

Қазір техникалық сарапшылар тобы Костанай әуежайында тексеріс жүргізіп, ақаудың нақты себебін анықтау және оны жою жұмыстарын бастап кетті.

Сонымен қатар, Көлік министрлігі оқиғаны Көліктегі оқыс жағдайлар мен инциденттерді тергеу департаменті арнайы тексеретінін хабарлады.