Семей қаласында алғашқы әкім сайлауы басталды

Бүгін таңғы сағат 7-де Семей қаласында еліміздегі алғашқы облыс орталығы деңгейіндегі әкім сайлауы басталды. Бұл туралы Семей әкімдігі хабарлады.
Қала бойынша барлығы 128 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 110 ашық, ал 18 жабық учаске әскер бөлімдері мен медицина және түзету мекемелерінде орналасқан.
Ресми дерек бойынша, Семей қаласында 314,3 мың тұрғын бар, олардың 220 761-і дауыс беруге құқылы.
Сайлау учаскелерінде барлық қажетті жағдай жасалған: жасырын дауыс беру кабиналары, бюллетень салатын жәшіктер мен ақпараттық стендтер дайындалған.
Барлық учаскелер уақытында ашылып, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл Семей мен бүкіл Қазақстан үшін маңызды кезең. Қала тұрғындарының белсенді қатысатынына сенеміз, — деді қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлжан Қуанышева.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады, содан кейін дауыс санау басталады.
Бастапқыда сайлау науқанына төрт кандидат қатысқан еді. Алайда 7 қазан күні Канат Шапатов Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық сарайының басшысы әрі қалалық мәслихат депутаты жеке себептермен өз кандидатурасын қайтарып алды. Осылайша, бюллетеньде үш үміткер қалды.