
Шығыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты қысқы дөңгелегі жоқ көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Бұл шешім «Өскемен — Тарғын — Самарское» бағытындағы облыстық маңызы бар автожолға қатысты қабылданды.
«Қазавтожол» және «Кажсервис» мекемелерінің өңірлік бөлімшелері хабарлағандай, алдағы сағаттарда республикалық жолдарда қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Осыған байланысты жол қызметтері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде, арнайы техника жол бойында кезекшілікте тұр.
Бұған дейін Павлодар облысында қалың қар жауған, және осындай ауа райы Шығыс Қазақстан аймағына да таралуы ықтимал екені ескертілді.
Жүргізушілер барынша сақ болуы керек: жылдамдықты азайтып, арақашықтықты сақтау қажет. Қажет болмаған жағдайда елді мекендерден шықпаған жөн, — делінген «Кажсервис» филиалының хабарламасында.
Құтқарушылар мен жол қызметтері көлік иелеріне жолға шығар алдында автокөліктің техникалық жағдайын және қысқы шиналардың бар-жоғын тексеруді ескертеді.