Health

Ерлердегі шаштың түсу себептері мен емдеу жолдары

Ерлердегі шаш түсу себептері мен емдеу жолдары / фото: ЖИ

Ерлер арасындағы шаш түсу — ең кең таралған мәселелердің бірі. Статистика бойынша, 35 жасқа дейінгі ерлердің үштен екісі, ал 50 жастағылардың 85%-ы шаштың сиреуін байқайды. Кейбір ерлерде бұл процесс тіпті 21 жасқа дейін басталуы мүмкін.

Бүгінде нарықта жүздеген «шешім» ұсынылғанымен, олардың аз бөлігі ғана ғылыми тұрғыда дәлелденген. Төменде ерлер не себепті шашынан айрылатынын, нақты не көмектесетінін және неге сенбеу керектігін талдап көрейік.

Неліктен ерлердің шашы түседі

Басты себеп, гормондар мен тұқым қуалаушылық. Ерлердің көпшілігінде тестостеронның бір бөлігі дигидротестостеронға (ДГТ) айналып, шаш түбіндегі фолликулаларды әлсіретеді. Уақыт өте келе шаш жұқарып, өсу циклі қысқарады да, мүлде өспей қалады.

Бұл ретте тестостеронның жалпы деңгейі жоғары болмауы мүмкін, бәрі фолликулалардың ДГТ-ға сезімталдығына байланысты. Егер әкеңізде немесе атаңызда ерте таздану байқалса, сізде де тәуекел жоғары.

Бірақ стресс, аурулар, операциялар, дәрумен жетіспеушілігі, қалқанша бездің бұзылуы, тері инфекциялары сияқты басқа факторлар да шаш түсуіне әсер етуі мүмкін. Егер себеп жойылса, шаш жиі қайта өседі.

Неліктен дәрігерге қаралу маңызды

Шаш түсу себебін өз бетіңізше анықтау мүмкін емес. Бұл тек дәрігер (дерматолог немесе трихолог) анықтайтын мәселе. Өмір салтыңызды, дәрілерді, тұқым қуалаушылықты ескеріп, қан талдауы немесе биопсия сияқты зерттеулер тағайындауы мүмкін.

Ерте диагностика — шашты сақтап қалудың басты шарты.

Шынымен жұмыс істейтін әдістер

  1. Миноксидил

Сыртқа жағылатын ерітінді немесе көбік түріндегі дәрі. Ол қан айналымды жақсартып, шаштың өсу кезеңін ұзартады.

  • Нәтиже шамамен 2 айдан бастап байқалады,
  • Бірақ тұрақты әсер алу үшін 6 айдан аса қолдану керек.

Қолдануды тоқтатсаңыз, шаш қайта түсе бастайды.

  1. Финастерид

Ішке қабылданатын препарат, 5-альфа-редуктаза ферментін тежеп, ДГТ деңгейін төмендетеді.

  • Әсері шамамен 6 айдан кейін байқалады.
  • Тұрақты нәтиже үшін үнемі қабылдау керек.

Мүмкін болатын жанама әсерлер: жыныстық белсенділіктің төмендеуі, кеуде ауыруы, аллергия. Сондықтан дәріні тек дәрігердің бақылауымен қабылдаған жөн.

  1. Шаш трансплантациясы

Хирургиялық әдіс: шашты шүйде аймағынан алып, таз жерге отырғызады.
Бұл — ең көрнекті және ұзақмерзімді нәтиже беретін тәсіл, бірақ:

  • Қымбат тұрады,
  • Донорлық шаш жеткілікті болуы керек,
  • Процедура қауіпсіздік пен жоғары біліктілікті қажет етеді.
  1. Лазерлік терапия

Арнайы төмен деңгейлі лазер сәулелері фолликулдарды ынталандырып, қан айналымын жақсартады.

  • Әсері тек жүйелі түрде бірнеше ай бойы қолданғанда байқалады.
  • Әдетте қосымша әдіс ретінде (миноксидилмен немесе финастеридпен бірге) қолданылады.

Не көмектеспейді

«Шашқа арналған дәрумендер» – егер нақты тапшылық болмаса, пайдасыз. Шампуньдер мен маскалар – тек сыртқы күтімге көмектеседі, бірақ гормондарға әсер етпейді. Халықтық әдістер – пияз, бұрыш немесе майлармен ысқылау тек тітіркену мен аллергия тудыруы мүмкін. Ғажайып құрылғылар» – лазерлі тарақтар мен шлемдер көбіне зерттелмеген әрі сертификатталмаған.

Барлық ем тұрақты қолданғанда ғана әсер етеді. Процесті баяулату және бар шашты сақтауға болады, ал толық қалпына келтіру — сирек жағдай. Өз бетіңізше емделу қауіпті: дәрілердің жанама әсері мен жалған өнімдер көп. Тек дәрігермен бірге жоспар құрыңыз және нәтижені реалистік тұрғыда бағалаңыз.

Шаш түсу — ұят емес. Ең бастысы уақытында дәрігерге қаралу, ғылыми дәлелденген тәсілдерді қолдану және сабыр сақтау.