Lifestyle

Күтімге арналған косметика: қызық әсер сыйлайтын сенсорлық 7 өнім

Фото: shutterstock.com

2025 жылы косметика индустриясында өзгеріс көп болды. Тіпті биыл жаңа кезең басталды деген де пікір бар. Олай дейтін себебі бьюьти-салада назар бұрынғыдай құрамы мен формулаларына ғана емес, адамға сыйлайтын әсеріне де көбірек аударылатын болды. Былайша айтқанда, қазір сенсорлық косметика тренд болып отыр. Ол дегеніміз – эмоция бере алатын өнімдер. Яғни қышырлаған дауыс шығатын, езіп жібергенде жарылып кететін, жаққан бойда теріні салқындататын немесе еритін дегендей басқаша әсер сыйлайтын косметика туралы айтып отырмыз. Kursiv.Media тілшісі күнделікті күтім жасаған кезде құдды медитация сияқты сезілетін косметика түрлеріне шолу дайындады.

1. Капсула түріндегі косметика

Осыдан бірер жыл бұрын шыны ампуладағы сарысулар трендке кіргені есіңізде шығар. Сол кезден басталған тенденция түрліше құбылып, сенсорлық күтімнің жаңа түрлерін шығаруға дем берді. Капсула мен ұсақ шарик сияқты кремдерді дүкендердің сөрелерінен жиі кездестіруге болады. Олардың іші белсенді заттарға толы. Сол арқылы теріні жақсартып, жарқырата түседі. Текстурасы мұндай косметиканы жаққан кезде шариктер жарылып, концентрат бөледі. Сол процестің визуал көрінісі де, шығатын даусы да жағымды.

Бұл өнімдерді жақсы көруге бірден-бір себеп: жағып жатқан кездегі әсері. Яғни крем жағып қана қоймай, оның текстурасын сезініп тұрасыз. Сонда әлгі косметика жанданғандай әсер қалдырады. Guerlain Abeille Royale Pop Balm, Estée Lauder Advanced Night Repair Ampoules секілді брендтердің өнімдерін көпшілік мақтайды. Оған қоса корей косметикаларының ішінде де микрокапсулалардағы С дәрумені бар бустерлерді таба аласыз.  ⠀

2. Бьюти-слайм һәм ересектерге арналған антистресс

Балалардың ойнап жүрген слаймдарын қолыңызға ұстап көрдіңіз бе? Тартып, созған кезде рахаттанып қаласыз, солай емес пе? Міне, дәл сондай әсер сыйлайтын желе сияқты дірілдеп тұратын маскалар мен гельдер бар. Әсіресе, әлеуметтік желілерде сондай өнімдерге анпакиң жасаған видеоны көп көреміз. Қолданушылар өнімді ашып жатқаннан бастап жаққанға дейінгі әсерін түсіріп салады. Кәдімгі антистресс сияқты. Ал енді бұл косметикалардың текстурасына келсек. Бұлар созылады, арасында жыртылып кетуі мүмкін. Бірақ қайтадан орнына келе қалады.

Бьюти-слайм деп атайтын себебі де сол. Күтім жасайтын өнім ғана емес, сізге жүйке тыныштандыруға да көмектеседі. Слаймдарды Manyo Factory, Elizavecca сынды корей брендтерінен, америкалық Truly маркасының Jelly Mask сериясынан табуға болады. Негізі желе өнімді көбіне кешкі күтім кезінде қолданған абзал. Макияжды сүртіп, тазартатын гель де, маска да кешке жағылатыны белгілі. Оған қоса, өндірушілер жатар алдында мазасыздықты азайтуға көмектесу үшін әдейі осындай текстура шығарған. Демек, түнде жақсаңыз күтім де жасайсыз, ұйқыңызды да тыныштандырасыз.     

3. Бетіңіздің бір қабатын «сылып» тастап жатқандай әсер ететін маска

ТикТок желісінде осы өнімдерді жағып, сүйіктісіне пранк жасайтындарды көрген едіңіз бе? Терісін жаңартқан жылан сияқты көз алдында теріні сылып алып тастағанын көргендер таңданысын жасыра алмай жатады. Негізі мұндай формат аса таңсық емес. Бірақ биыл жаңаша таныла бастады. Пленка сияқты маскалар бетті тазартып қана қоймай, физикалық та, визуал да тұрғыдан әсер сыйлайды. Яғни сіз ол масканы алып тастап жатқанда күні бойы шаршаған күйіңізден де арылғандай боласыз.

Оған қоса әр бренд өнімін ерекшелеу үшін барын салып жатыр. Мысалы кейбірі қышқыл-пилинг қосып, теріге пайдасын күшейтті. Енді бірі жылтырақ глоу не жағымды иіс қосты. Осылайша күнделікті жасалатын рәсім әжептәуір шоуға айналып шыға келді. Пленка маска іздесеңіз, GlamGlow Glittermask, MasqueBAR Silver Peel-Off сияқты брендтердің өнімдерін қолданып көрсеңіз болады. 

4. Трансформер тамшылар мен термоэффект

Термосенсорлық косметика үнемі адам сезіміне жұмыс істейді. Яғни оны жаққан кезде тері не жылып кетеді не керісінше салқындайды. Бұл бір қызық әсер ғана емес, микроциркуляцияны күшейтіп, бұлшықеттерді босатуға көмектеседі. Peter Thomas Roth Hot & Cold Mask, Dr. Jart+ Cryo Rubber, Clarins SOS Pure сынды брендтердің салқындататын гельдерін қолданып көрсеңіз, әсерді толықтай сезінесіз. Жалпы алғанда температураны құбылтқан кезде компоненттердің әсері күшейіп қана қоймай, эмоция туады. Басында «не болып кетті» деп түсінбей, таңырқап қаласыз. Одан кейін барып жағымды сезіліп, бірден теріңіз жаңарғандай әсер аласыз. 

5. Көпіретін косметика

Сенсорлық косметика жүрген кезде сезім мүшелері де белсенді іскі кірісетінін айттық. Соның ішінде дыбыс арқылы әсер беретіндері бар. Көпіретін маскалар мен скрабтарға соларға мысал бола алады. Текстурасы мұндай өнімдердің шыққанына бірнеше жыл болды. Бірақ кейінгі кезде жаңарған түрі көбейді. «Пышш» деген дауыс шығарып көпіретін маскалар теріге жаққанға дейін крем болып тұрады да, жаққаннан кейін көбікке айналады. Әсіресе, оттегі маскалары осы формуланы қолданып, оттегімен байланысқан кезде «тіріледі». Elizavecca Milky Piggy Carbonated Bubble Clay Mask, Bioré Whip Foam, Too Cool For School Egg Mousse сияқты брендтердің көпіршік косметикаларын қарап көріңіз. Ұйқыдан тұрған соң аудиал рахат алып, әрі бетті жуып, әрі таңғы ритуал жасаған боласыз.

6. Жаққанда еріп кететін бальзамдар мен желе майлар

Қолыңа тиген бойда агрегат күйін өзгерте салатын формуласы бар өнімдер де биыл трендте. Мысалы жаққаннан кейін май болып кететін не су тисе болды сүт боп кететін майлар бар. Бұлардың текстурасы сондай — еріп кетеді. Fenty Skin Melt Awf Jelly Oil, Banila Co Clean It Zero, Clinique Take The Day Off сияқты брендтерде бар. Теріге пайдасынан бөлек, сенсорлық жағымды әсер сыйлайды. 

7. Интерактив косметика – AR, жарық және вибрация

Мұндай технология бьюти-индустрияға да келіп жетті. Біріңіз естісеңіздер, біріңіз енді біліп жатқан болуыңыз мүмкін. Әйтсе де, болашақтың косметикасы деп жүргеніміз 2025 жылы күнделікті өнімге айналып шыға келді. Қазір брендтер сенсориканы қоя бергенде жаңа технологияларды да кірістіріп жатыр. Мысалы вибро-аппликаторлар, жарық немесе мобайл қолданба арқылы басқаруға болатындай мүмкіндіктер қосқандар бар. Мәселен Foreo Bear құрылғысы әр қимылға реакция береді, өйткені ішінде микротоктар бар. Ал Yves Saint Laurent еріннің қаншалықты құрғап тұрғанына өзі анализ жасап, пигментті анықтауға көмектесетін сенсор қақпағы бар далап шығарды.  

Тобықтай түйін: косметика терапия сияқты әсер етеді

Бьюти-индустриядағы сенсорлық революция туралы айтпағымыз осы. Бұл бір маркетиң тәсілі ғана емес, жұрттың қалауынан туып отыр. Өйткені қазір көбі шаршаңқы, күйзелісте жүреді. Жан-жағымыз толған ақпарат. Міне, сондай кезде теріге әсер ететін, сезім сыйлайтын өнімдер керек-ақ. Яғни күтім ғана емес, тыныштандыратын, көңіліңізді көтеретін, шабыттандыратын әсер береді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін биыл күзде әр қыздың гардеробынан табылуы керек киімдер топтамасын дайындаған едік.