«Әйелді өлтіріп, мәйітпен жыныстық қатынасқа түскен» оқушының ісі сотта қаралып жатыр

Шымкентте үйін тазалауға барған әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен оқушының ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Істі Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған.
Қасақана адам өлтіру
Іс бойынша сотта Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылының тұрғыны 11-сынып оқушысы жауап беріп жатыр. Оны сотқа айдауылдар жеткізді. Заңды өкілі ретінде әкесі танылған. Ал анасы куә ретінде жауап береді.
Судья айыпталушының кәмелет жасқа толмауына байланысты оны және адвокаты мен ата-анасын фото-видеоға түсіруге тыйым салды. Бұған жәбірленуші тараптың қорғаушылары да қарсы болмады.
Сот бұл іс бойынша бүгін алдын ала тыңдау өткізді. Оқиғаның мазмұнын айту үшін бірінші сөзді прокурорға берді.
Прокурор Нұржігіт Ерментайдың айтынша, айыпталушы Шымкентке шілде айында құрылыста жұмыс істеуге келген. Екі танысымен пәтер жалдап тұрған. 21 шілде күні таныстары өз шаруаларымен отбасына кеткен. Ол жалдамалы пәтерде жалғыз қалған.
«Сотталушы жалғыз өзі тынығып алған соң, жыныстық қатынасқа түскісі келіп ұялы телефонымен телеграмм әлеуметтік желісіне кірген. Ондағы «Шымкент жұмыс» атты жалпы топқа «Тұрғын үйге тазалық жасайтын қыздар керек» деген хабарлама жазған. Өз кезегінде тұрғын үйлерге тазалық жұмыстарын жасау арқылы күнкөруге ниет білдірген жәбірленуші Диана Оңғарбаева онымен кері байланысқа шыққан. Сотталушы жәбірленуші Оңғарбаевамен жыныстық қатынасқа түскісі келіп, оған тұрғын үйге тазалау керектігі жөнінде өтірік айтқан. Оның сөзіне жәбірленуші сенген», – деді прокурор сотта.
Прокурордың сөзінше, марқұм кешкі сағат жеті шамасында үй тазалау үшін айыпталушы көрсеткен үйге барып, дереу тазалық жұмыстарын бастаған. Екі сағатта жұмысын аяқтаған соң, 15 мың теңге еңбекақысын беруді сұраған. Сотталушы еңбекақысын анасы беретінін айтып, анасына телефон шалғандай кейіп танытқан. Оңғарбаева оған сенімсіздік танытып, анасының телефон нөмірін сұрап алған. Осы кезде оқушының ойына адам өлтіру пиғылы келген.
«Сөйтіп кәмелет жасқа толмаған сотталушы өзінің қылмыстық ойын іс жүзінде жүзеге асыру үшін оңтайлы сәтті күтіп жүрген. Оңғарбаева оның анасына қоңырау шалып жатқан кезде ас үй пышағымен артқы мойын тұсынан тоқтаусыз 10 рет сұғып алған. Ары қарай жерге жәбірленушіні жатқызып сол жақ бүйрек тұсынан қайта бір рет сұғып алған», – деді прокурор.
Жәбірленуші алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан. 26 жастағы Диана Оңғарбаеваның денесі 10 күннен кейін Шымкенттегі қоқыс жәшігінің жанынан табылды. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сай, оның өлімі мойын жарақатынан болған. Айыпталушы жәбірленушіні өлтіріп қана қоймай, онымен жыныстық қатынасқа түсіп, ұялы телефонын ұрлап алып сатқан.
Мәйітпен жыныстық қатынасқа түскен
«Сотталушы өзінің қылмыстық әрекетін ары қарай жалғастырып, жәбірленушінің етпетімен өлі жатқанын көріп, өлген адамды қорлау қылмыстық пиғылы пайда болған», – деді прокурор сотта.
Сөйтіп айыпталушы Қылмыстық кодекстің «Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау» бабында көрсетілген қылмысты қасақана жасаған. Содан кейін жәбірленушінің қалтасындағы ұяты телефонын жымқырып, оны 10 мың теңгеге сатып, «Ұрлық» бабында көрсетілген қылмысқа барған.
«Өзінің жасаған қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында тұрғын үйдің артын тазалап, түн ауа жәбірленушінің мәйітін қара түсті полиэтиленді пакетке салып, оны арбағы тиеп Ташенов көшесіндегі қоқыс жәшігінің жанына алып барып тастаған», – деді прокурор.
Прокурор сөзінен соң судья айыпталушыға бұрылды. Ол тергеуде өзге талап-тілегі жоқ екенін, іс туралы сотта айтатынын мәлімдеген. Судья әуелі одан істі қарау тәртібін таңдауды сұрады. Ол істі алқа билердің қатысуынсыз жалпы тәртіпте қарауды таңдады.
Айыпталушының қорғаушысы мен ата-анасы Курсивке сотталушы айыппен ішінара келісетінін жеткізді. Айтуларында, оқушы адам өлтіргенімен мәйітпен жыныстық қатынасқа түспеген. Сараптама қорытындысында мәйіттің денесінен оның шәуіті табылмаған.
Дегенмен мұнымен марқұм әйелдің жақындары келіспейді.
«Баланы өмір бойына соттауын қалаймын. Ол ұсталған кезде бәрін мойындаған. Қызымның 26 жеріне пышақ тыққан. Өлтіргеннен соң жыныстық қатынаста болған. Жыныстық қатынасқа түскенін алғашында мойындағанымен қазір мойындамай тұр. Сараптамада да жоқ етіп отыр» деді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.
Қанды оқиға 21 шілде күні болған.