
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Талғарда қылмыс неге жиі тіркеледі деген сұраққа жауап берді.
Министрдің айтуынша, қаладағы инфрақұрылым тұрғын санына сай келмейді.
«Талғарда да барлық жердегідей штат жетіспеушілігі бар. Қала Алматымен шектесіп жатыр. Қылмыс барлық жерде жасалып жатыр. Бұған полицияның жұмыс істеп-істемегенінің қатысы жоқ. Жіберілген қателіктер үшін мамандар жауапқа тартылды», – дейді Сәденов.
Министр Қызылқайрат ауылында болған жағдайға қатысты полиция бірінші арыз-шағымнан бастап әрекет ету қажет еді деген пікірде.
«Кей жерде полиция қызметкерлерінің кінәсі бар. Оның ішінде тергеу органдары, әрекет етуі керек басшылар да бар», – деді министр.
Айта кетейік, Талғарда ер адам бұрын жақын қарым-қатынаста болған әйелдің ағасын атып өлтіріп, кішкентай қызын алып қашқан. Оның алдында ер адам әйелді зорлады деген айыппен тергелген. Алайда полиция тиісті шара қабылдамаған. Қайғылы оқиға болардан бірнеше күн бұрын күдіктіні ұстап, бір күннен соң босатып жіберген. Одан кейін ол әйелге қайта қоңырау шалып, қорқыта бастаған.
Содан кейін Алматы облысының прокуратурасы Талғар ауданы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады.