Кісі өлтіру және баланы ұрлау: Талғардағы істе күдіктіге 12 бап бойынша айып тағылған

Алматы облысы Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында болған қайғылы жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Басты күдіктіге Қылмыстық кодекстің 12 бабы бойынша айып тағылған. Бұл туралы қылмыстық істе жәбірленуші тараптың құқығын қорғайтын адвокаттар Асылбек Әбдірайымов пен Жандос Палманов хабарлады.
Қылмыстық іс қозғалды
Адвокаттардың хабарлауынша, қылмыстық істе үш күдікті бар. Басты күдікті Е. қылмыстық кодекстің 12 бабы бойынша айыпталып отыр:
- 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы (адам өлтіру)
- 125-бабы 3-бөлігі 2-1-тармағы (адамды ұрлау)
- 120-бабы 1-бөлігі (зорлау)
- 121-бабы 1-бөлігі (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері)
- 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (алаяқтық)
- 147-бабы 5-бөлігі (жеке өмiрге қолсұғылмаушылық туралы заңнаманы бұзу)
- 149-бабы 2-бөлігі (Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу)
- 115-бабы (қорқыту)
- 287-бабы 3-бабы (қаруды заңсыз иемдену)
- 288-бабы 1-бөлігі (қаруды заңсыз жасау)
- 200-бабы 1-бөлігі (көлікті ұрлау мақсатынсыз иелену)
- 132 -бабы 4-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту)
Ал кәмелетке толмаған екі жасөспірім 99-бабы 2-бөлігі 7-тармағы және 125-бабы 3-бөлігі 2-1-тармағы бойынша айыпталып отыр.
Қызылқайраттағы қайғылы жағдай
2025 жылдың 6 қыркүйегінде ер адам ауыл тұрғынын атып өлтіріп, 2 жасар қызды ұрлап әкеткен.
Оның алдында әйел полицияға жүгініп, өзін ер адам зорлағанын айтқан. Полиция ер адамды ұстап тергеген. Алайда бір күннен кейін босатып жіберген. Содан кейін ер адам әйелге хабарласып, қорқытқан. Оқиғаның арты адам өліміммен аяқталған.
Осы жағдайдан кейін Алматы облысының прокуратурасы Талғар ауданы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады.
Министр мәлімдемесі
Бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов полиция бірінші арыз-шағымнан бастап әрекет етуі қажет еді деді.
«Кей жерде полиция қызметкерлерінің кінәсі бар. Оның ішінде тергеу органдары, әрекет етуі керек басшылар да бар», – деді министр.