50 мың доллардан көп ақша айырбастағандарды салық органдары тексеруі мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк ірі көлемде валюта айырбасталғаны туралы ақпаратты салық органдарына жолдап отырады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған қаулы жобасында жазылған.

Әңгіме құны 50 мың АҚШ долларынан асатын мәмілелер туралы болып отыр. Бұған тауарсыз операциялар, бейрезиденттердің кірісі және «Астана» халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының операциялары да кіреді.

Қаржы министрлігі бұйрығының жобасын ашық талқылау 2025 жылғы 28 қазанға дейін жалғасады. Құжат қысқаша кесте түрінде берілген және нақты мәлімет жоқ. Мысалы, салық органдарына валюталық мәміле тараптары туралы ақпарат берілетіні көрсетілмеген.

Түсіндірме бөлігінде тек жобаның мақсаты атап өтілген: мемлекеттік кірістер органдарының ақпаратқа уақтылы қол жеткізуін қамтамасыз ету, капиталдың заңсыз шығарылуын анықтауды тиімді ету және жалған операциялар тәуекелін азайту.

Айта кетсек, бұйрық жобасының толық нұсқасының болмауы «Ашық НҚА» порталындағы жаңа ережемен байланысты. Енді сайтта жарияланатын құжаттарда заң жобаларындағы өзгерістер мен жаңалықтарға қатысты егжей-тегжейлі түсіндірме берілмейді.

Сондай-ақ оқыңыз