Салық төлеу жеңілдей ме: салық жүйесіне жасанды интеллект енгізіліп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында:

«Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастауға тиіс. Бұл мекеме жасанды интеллектінің және басқа да озық технологияның әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек», деп тапсырған.

ЖИ енгізудегі негізгі мақсаттар

Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми түсіндірмесіне сәйкес, жасанды интеллект салық жүйесінде үш негізгі мақсатты көздейді:

Әкімшілендірудің тиімділігін арттыру.
ЖИ құралдары салықтық және кедендік процестерді автоматтандыру арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Салық есептілігінің қабылдануы мен өңделуі толықтай электрондық форматқа көшті: eGov.kz, e-Salyq мобильдік қосымшасы және банктердің онлайн сервистері арқылы жүзеге асырылады.

Бизнес пен азаматтарға түсетін әкімшілік жүктемені азайту.
Интеллектуалды жүйелер салық төлеушілер үшін процестерді жеңілдетіп, есептілікті тапсыру мен тексеріс жүргізу мерзімін қысқартады.

Қаржылық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету.
Автоматтандырылған бақылау және тәуекелдерді анықтау жүйелері адами факторды азайтып, шешім қабылдау сапасын арттырады.

«Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында салықтық әкімшілендіру процестерін, соның ішінде салық есептілігінің нысандарын қабылдауды автоматтандыру және цифрландыру бойынша жүйелі шаралар іске асырылуда. Барлық салық есептілігі нысандары электрондық түрде Салық төлеушінің кабинеті, электрондық үкімет (eGov.kz), сондай-ақ e-Salyq мобильдік қосымшасы мен екінші деңгейлі банктер сияқты электрондық сервистер арқылы ұсынылады», – делінген жауапта.

ЖИ қолданылатын бағыттар

Мемлекеттік кірістер коммтеті бірнеше нақты бағыт бойынша жасанды интеллектті енгізіп жатыр:

  • СЭҚ ТН кодтарын автоматты анықтау.
    Кедендік декларацияларды толтыру кезінде тауарлардың мәтіндік сипаттамасы негізінде оларды дұрыс кодтау үшін ЖИ негізіндегі интеллектуалды модель әзірленіп жатыр Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін рәсімдерді едәуір жеңілдетеді.
  • Камералдық бақылауды автоматтандыру.
    ЖИ тәуекелдерді автоматты түрде анықтап, салық бұзушылықтарын ерте кезеңде айқындауға мүмкіндік береді. Бұл салықтық әкімшілендіру сапасын арттырып, бақылаудың тиімділігін күшейтеді.
  • ЖИ-агент моделін әзірлеу.
    Қаржы министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі бірлесіп салық заңнамасы негізінде арнайы оқытылған ЖИ-агент моделін әзірлемек. Бұл модель салық төлеушілердің сұрақтарына жауап беріп, түсіндірме қызметін жартылай автоматтандыруды көздейді.

Big Data және аналитика негізі

Мемлекеттік кірістер органдарында ірі деректер (Big Data) базасы құрылды. Бұл база салықт және кедендік операциялар бойынша жинақталған ақпаратты талдау арқылы салық түсімдерін болжау, салықтан жалтару схемаларын анықтау, экономикалық белсенділіктің салалық трендтерін бақылауға мүмкіндік береді.

Big Data негізінде ЖИ жүйелері салық саясатын жоспарлауда да маңызды аналитикалық құралға айналмақ.

ЖИ енгізу тек тиімділікті арттырумен шектелмейді, ол азаматтардың жеке деректерін қорғауды да талап етеді. Осы мақсатта МКК ақпараттық қауіпсіздіктің көпдеңгейлі жүйесін іске қосты:

  • деректерді шифрлау (Encryption),
  • екі факторлы аутентификация,
  • рөлге негізделген қолжетімділік (Role-based access),
  • кибершабуылдарды анықтау және алдын алу жүйелері (IDS/IPS),
  • жүйелік аудит пен журнал жүргізу (Logging & Audit),
  • пентест және тәуелсіз қауіпсіздік аудиттері,
  • резервтік көшіру және деректердің тұтастығын бақылау құралдары қолданылуда.

2025 жылғы қаңтарда комитет «QAZSOC» ЖШС-мен ақпараттық қауіпсіздікті 24/7 режимінде мониторинг жүргізу туралы келісімшарт жасаған. Компания мамандары жүйелердің осал тұстарын тексеріп, анықталған кемшіліктерді уақтылы жойған.

Сондай-ақ оқыңыз