Жаңалықтар

Айдын Рахымбаев жол құрылысынан 2,5 млрд теңге табыс тапқан

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық миллиардер Айдын Рахымбаевтың құрылымдарына тиесілі «Қазақдорстрой» компаниясы 2024 жылдың қорытындысы бойынша өз иесіне 2,5 млрд теңге дивиденд төледі. Бұл ақпарат ДФО порталында жарияланды.

Мәліметке сай, компания 2024 жылы екі рет дивиденд бөлген. Жалпы сомасы 2,5 млрд теңге. Оның ішінде 1,5 млрд теңге 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, ал қалған 1 млрд теңге жыл қорытындысы бойынша төленген.

Төлемдер 2025 жылдың наурыз және шілде айларында жасалған.

Компанияның меншік иесі General Contractors Group, ал оның құрылтайшылары – BI Capital және BI Group. Бұл екі компанияның түпкі бақылаушысы ретінде Айдын Рақымбаев көрсетілген.

2016 жылы «Қазақдорстрой» Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша елдің ең ірі 50 жеке меншік компаниясы қатарына енген. Бұған дейін Kursiv.Media компанияның таза пайдасы 2024 жылы 630 млн теңгеге азайып, 4,2 млрд теңгені құрағанын жазған еді.

Айдын Рахымбаев бүгінде Forbes Kazakhstan тізімінде ең бай 10 қазақстандықтың қатарында. Оның байлығы шамамен 967 млн доллар деп бағаланады.

BI Group холдингі тек Қазақстанда емес, сонымен қатар Өзбекстан, АҚШ, БАӘ және Әзербайжан нарықтарында да жобаларын жүзеге асырып келеді.