«Сөз бостандығын шектейді»: ҚМА блогерлерді лицензиялауға келіспеді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ

ҚМА блогерлерді лицензиялауға қарсы / Фото: kursiv.media архиві

Қаржылық мониторингі агенттігі блогерлерді лицензиялауда бірнеше кедергі барын хабарлады

Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат депутаты Геннадий Шиповских блогерлердің жұмысы, салығы жөнінде бірнеше мәселе көтерген еді. Соның ішінде олардың қызметiн лицензиялау немесе олардың тiзiлiмiн қалыптастыруды ұсынған.

ҚМА неге келіспейді

Депутаттың ресми сауалына берген жауабында ҚМА жарнамалық қызметтен табыс табатын блогерлер (инфлюенсерлер) қазірдің өзінде салық міндеттемелері және жарнама, онлайн-платформалар туралы заңнама талаптарын қоса алғанда құқықтық реттеу саласына жататынын хабарлайды. Министрліктің мәліметінше, көзделген әкімшілік жауапкершілік онлайн-платформаларды пайдаланушылардың, оның ішінде блогерлердің (инфлюенсерлердің) заңнаманы сақтауын қамтамасыз етеді және реттеудің қосымша тетігін белгілеу талап етілмейді.

ҚМА осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымын келтіреді. Министрліктің пікірі бойынша блогерлерді (инфлюенсерлерді) лицензиялау артық әкімшілік кедергілер туғызуы және бірқатар теріс салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін, оның ішінде:

– сөз бостандығын шектеу және азаматтардың еркін пікір білдіру конституциялық құқығын іске асыру үшін кедергілер;

– қолданыстағы реттеу тетіктерін қайталау, өйткені жарнама, масс-медиа және онлайн-платформалар туралы заңнамада жауапкершілік талаптары мен шаралары белгіленген.

Ал заңнама лотерея саласындағы қызметті бөлек реттейді. Мысалы, лотереялар және лотерея қызметі туралы заңға сәйкес осы Заңда көзделген тәртіппен ұйымдастырылатын және өткізілетін лотереялардан басқа, Қазақстанда өзге де лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады.

Заңдарда не жазылған

«Жарнама туралы» Заңның 13-бабының 1-3-тармағына сәйкес лотерея операторымен жасалатын тапсырма шарты шеңберінде лотерея операторы және (немесе) лотерея таратушылары (агенттер) орналастыратын жарнаманы қоспағанда, лотереяны жарнамалауға тыйым салынады. Оператор болып табылмайтын тұлға лотерея өткізгені үшін әкімшілік құқық бұзушылық нәтижесінде алынған табыстарды тәркілеумен 100-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген (ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6-бөлігі).

«Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде блогерлердің ауқымды аудиториясымен (әдетте өздеріне ЖК ресімдеген) жалған курстар немесе тауарлар сатып алудың орнына бағалы сыйлықтар ұтыстарын өткізу практикасының өсуі байқалады. «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» ҚР Заңының 1-бабына сәйкес коммерциялық ұйымдардың тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) сатуын ынталандыруға бағытталған жүлделер ұтысы лотерея емес. Мемлекеттік органдар тарапынан осы секторды (онлайн-курстар) нақты реттеудің болмауы жағдайында бұл норма нақты лотерея қызметін жасыру және азаматтардан жаппай қаражат жинау үшін пайдаланылады», – делінген жауапта.

Агенттік осы қауіптерді азайту үшін уәкілетті органға хабарлай отырып, көпшілік офертаны орналастырып, онлайн-курстарды өткізу және бақылау тәртібін белгілейтін заңға тәуелді актіні әзірлеуді ұсынады. Одан бөлек, курс сапасын сертификаттау жүйесін енгізіп, қатысуға жалған тауарларды сатуды болдырмау үшін тауарлардың/қызметтердің құнына және жүлде қорының құндылығына сәйкес келетіндігіне бақылауды енгізу керек деп санайды.

Сондай-ақ оқыңыз