Lifestyle

Экология министрлігі Көлсайға шомылған Дуровты жазаламайды

Экология министрлігі Көлсайға шомылған Дуровты жазаламайды / Фото: Павел Дуровтың инстаграмдағы видеосынан скриншот

Экология министрлігі «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде суға түскен Телеграмм желісінің иесі, миллиардер Павел Дуровты жазаламайтынын мәлімдеді.

Мәселенің мәні

Қазақстандағы технологиялық форумға қатысу үшін келген Павел Дуров Алматы облысындағы ерекше қорғалатын аймақ «Көлсай көлдері» ұлттық паркіндегі көлдердің біріне суға түсіп, оның видеосын өзінің желідегі парақшасына жариялаған. Ел ішінде арнайы аймақта суға түскен Дуровты жауапкершілікке тарту туралы сөз қозғалып, Экология министрлігі қызметтік тексеру жүргізген.

Дуров неге жазаланбайды?

Тексеруден кейін Экология министрлігі оқиғаны «кездейсоқ орын алған жағдай» деп бағалап, оның «аумақтың экологиялық тұрақтылығына әсер етпегенін жазды.

«Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, Көлсай-2 көлінің маңында шомылуға тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері болмағаны анықталды. Сол себепті бұл әрекетте құқық бұзушылық белгілері жоқ», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік оқиғаның жақсы тұсы да барын айтады. Дуровтың 10 миллионнан астам жазылушысына Қазақстанның табиғи сұлулығын көрсетуі имидждік сипатқа ие екенін жеткізді.

«Аталмыш оқиға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережелері туралы туристерді жүйелі түрде хабардар етудің маңыздылығын көрсетті. Бұл өз кезегінде Қазақстанның бірегей табиғатын сақтауға, сондай-ақ елдің эко және жауапты туризм бағытындағы тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді», – делінген министрлік хабарламасында.