Президент Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдап, төменгі палата қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесуде Ерлан Қошанов депутаттардың Мемлекет басшысының Жолдауын және ел дамуына қатысты тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге ерекше назар аударып отырғанын айтты. Бүгінде Мәжіліс 15 заң қабылдап, оларды Сенатқа жолдады. Қазір қарауда 77 заң жобасы бар.
Жыл соңына дейін Құрылыс және Цифрлық кодекстер, сондай-ақ «Банк қызметі туралы» заңды қабылдау жоспарланған. Сонымен қатар сайлау, тұтынушылардың құқығын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне қатысты заң жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде.
Депутаттар жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару салаларына түзетулер енгізу, креативті индустрияны дамыту, ғылыми зерттеу аймақтарын кеңейту, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және бағбандық шаруашылық серіктестіктерін қолдау бағыттарында бастамашы болып отыр.
Ерлан Қошанов заң шығару жұмысы жұртшылықтың, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен ашық форматта жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Барлық саяси партиялар өз электоратының сұранысына сәйкес ұсыныстарын белсенді енгізіп келеді. Маңызды заң жобалары Қоғамдық палатаның отырыстарында қаралады.
Кездесуде Мәжіліс депутаттарының жасанды интеллект саласындағы бастамаларды іске асыруға белсенді атсалысып жүргені де айтылды. Қыркүйек айының соңында «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Сенатқа жолданды. Бұдан бөлек, қазақстандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен парламенттік тыңдау өткізілді.
Сондай-ақ, Ақтауда Энергетика министрлігімен және депутаттар бастамасымен мұнай-газ саласындағы машина жасау ісін дамытуға арналған форум өтті. Онда мұнай-газ секторындағы сатып алуларда қазақстандық үлесті арттыру жөнінде шешім қабылданды. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болады.
Парламенттік дипломатия бағытында да бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылды. Қазақстанға Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының және Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағалары ресми сапармен келді. Сонымен қатар түрлі елдердің парламенттерімен достық топтары белсенді жұмыс істеп, заң шығару саласында тәжірибе алмасу мен мемлекетаралық жобаларды қолдау ісі жолға қойылған.
Мәжіліс депутаттары ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТүркПА, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа да көпжақты ұйымдар аясында да белсенді қызмет атқарып келеді.