Жаңалықтар

Әлемдегі ең әдемі астана анықталды

Валетта қаласы/Фото: ашық дереккөзден

Мальтаның астанасы, шағын Валлетта қаласы Condé Nast Traveller журналының нұсқасы бойынша әлемнің ең әдемі астанасы деп танылды.

Қала Readers’ Choice Awards 2025 рейтингісінде Париж, Афины және Лиссабон сияқты әйгілі туристік орталықтарды басып озып, бірінші орынға ие болды. Марапатқа 182 мыңнан астам оқырман қатысып, қалаларды мәдениет, тағам және қонақжайлық деген санат бойынша бағалаған.

Валлетта 100 балдың 97,33-ын жинап, Еуропадағы ең үздік бағыт қана емес, саяхатшылар үшін әлемнің басты қаласы атанды.

«Бұл марапат – саяхатшылардың біздің мәдени мұрамыз бен мальталықтардың қонақжайлығына деген шынайы құрметінің көрінісі», – деді Мальта туризм министрі Ян Борг

Аумағы бір шаршы шақырымға да жетпейтін Валлетта – ашық аспан астындағы нағыз музей. Мұнда барокко үлгісіндегі сарайлар, ежелгі бекініс қабырғалары, шіркеулер мен тар көшелер сақталған. Қаланы XVI ғасырда Мальта орденінің рыцарлары негізін қалаған, ал 1980 жылдан бері ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген.

Мальтаның астанасы киноиндустрияда да танымал: мұнда «Гладиатор», «Троя» және «Тақтар ойынының» алғашқы маусымы түсірілген. Соңғысында Валлетта – Корольдік айлақтың (King’s Landing) прототипі болған.