Жаңалықтар

Қазақстанда 4,5 мың учаскелік полиция, 8 мың патруль қызметкері жетіспейді

Фото: ІІМ

Қазақстанда учаскелік полиция қызметкері мен жол- патруль қызметкерлеріне өте үлкен жүктеме түскен, мамандар тапшы. Бұл туралы Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты.

«Құқық бұзушылықтың алдын алатын негізгі тұлғалар – учаскелік полиция қызметкерлер. Бірақ қазір олар өте үлкен жүктемемен жұмыс істейді. Штат нормативке сай емес. Қосымша 4,5 мың штаттық бірлік керек, материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша да мәселе бар», – деді министр баяндамасында.

Тағы 326 учаскелік полиция пункті жетіспейді. Жоспар бойынша, 124 пункт ашылуы керек еді, бірақ әзірге, оның тек 97-і ғана ашылған.

Полиция пунктінен бөлек учаскелік полиция қызметкерлеріне 2 мың көлік, 2,5 мың компьютер, 2 мың радиобекет қажет.

«Техникалық жарақтандыру деңгейі осындай болса, ол жұмыстың тиімділігіне де әсер етеді. Бұл мәселені ІІМ бірнеше рет көтерген. Оның ішінде жергілікті бюджеттен қамтамасыз етуін сұрап әкімдіктерге де айтылды, барлығына жеке хат жіберілді», – деп атап өтті министр Ержан Сәденов.

Патруль қызметкерлері тапшы

Ведомство басшысының дерегінше, учаскелік полицейден бөлек жол-патруль қызметкерлері де жетіспейді. Дәл қазір штатта 8 мың маман тапшы, ал жол қозғалысы жылдан-жылға артып барады.

Қызметтегі патрульдер 13 мың бағыттың тек үштен бірін ғана бақылауға алған. 9 мыңға жуық бағытқа патруль қызметкерлері керек. Осы үшін әкімдіктерге қаржы табу туралы тапсырма берілген деп атап өтті Ержан Сәденов.