Жыл аяғында инфляция шарықтау шегіне жетеді

Еуразия тұрақтылық және даму қоры Қазақстан экономикасының негізгі тетіктеріне қатысты болжамын жариялады. Ұйым 2025 жылдың аяғы, 2026 жылдың басында инфляция шарықтау шегіне жетеді деп болжайды.
Қазақстандағы инфляция
Ұйым жыл аяғы мен жаңа жылдың басында инфляцияның күшейюін қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің ұлғаюымен, теңгенің әлсіреуімен байланыстырып отыр. 2025 жылдың аяғында Қазақстанда инфляция көрсеткіші 11,7% шамасында болады деп болжанды. Ал одан кейінгі жылдары ол біршама түседі, бірақ сонда да Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) мүше басқа да елдерге қарағанда жоғары болады.

Ұйым сарапшыларының пікірінше, инфляцияның жоғары болуына байланысты Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын жұмсартпайды. Бірақ 2026 жылдан бастап орташа жылдық мөлшерлеме біршама төмендеуі мүмкін.
Теңге бағамы
Бұған қоса, ЕАЭО-ға қарасты ұйым теңге әлі де әлсірей беруі мүмкін деп болжап отыр. Ұлттық валютаның құнсыздануына мұнай бағасының төмендеуі, импорттың артуы, жаз маусымында шетел ақшасына сұраныстың артуы себеп болды.
Қор 2025 жылдың аяғына қарай теңге Ұлттық қор трансферті, сонымен бірге квазисектордың валюта сатуы, алтын сатып алу операциялары есебінен қолдауға ие болады деп болжайды.
Сарапшылар 2026-2028 жылдары теңгенің долларға шаққандағы бағамы 554 теңгеден 585 теңгеге дейінгі аралықта сақталады деп есептейді.
Жалпы ішкі өнім
Қор экономикалық одаққа мүше елдердің Жалпы ішкі өніміне қатысты болжамын да жариялады.

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда ЖІӨ көлемі 6,2%-ға дейін өсті. Бұған Теңіз мұнай кен орны кеңейіп, шикізат көптеп өндірілуі, сауданың қызуы себеп болды. Қор мамандары өсім жыл аяғында да сақталады деп отыр – 5,7%. Одан кейінгі жылдары көрсеткіш баяулай түсуі мүмкін.