«Соғыс аяқталды»: Дональд Трамп Израильге барды

АҚШ президенті Дональд Трамп 13 қазанда Израильге ұшып барды. Ақ үй басшысын әуежайда осы елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху күтіп алды. Бұл туралы CNN хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, Трамп әуежайда күтіп алған Нетаньяхумен құшақтасып амандасты.
«Ол әскери уақыт президенті. Өте жақсы жұмыс істеді. Екеуміздің арамызда келіспеушілік болды, бірақ тез шешілді», – деген Трамп кеше кешке «Нөмірі бірінші борт» бағдарламасының эфирінде.
Екеуі әрі қарай президент лимузинімен Иерусалимдегі Кнессет ғимаратына қарай беттеді. Трамп жергілікті парламентте сөз сөйлейді.
Бүгін ХАМАС ұйымы Газа секторында кепілде отырған жиырма израиль тұтқынын босатқаны мәлім болды. Оларды Қызыл крест ұйымының өкілдері қабылдап алды.
Жексенбі күні Нетаньяху «әскери науқан әлі аяқталған жоқ» деп мәлімдеген. Алайда Трамп осы мәселеге қатысты нық жауап берді.
«Соғыс аяқталды. Түсінесіз бе? Соғыс бітті», – деді АҚШ президенті.
Иерусалим көшелерінде «Рахмет, президент мырза» деп жазылған үлкен баннерлер ілініп тұр. Тағы бір суретте Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығының «иегері» ретінде суреттелген. Өткен аптада Ақ үй басшысына осы сыйлық биыл бұйырмаған еді.
Израиль мен Палестина арасындағы соғыс 2023 жылғы 7 қазанда басталған. Сол күні ХАМАС күштері Израильдің оңтүстігіне басып кірген. Артынша Тель-Авив Газа секторында құрлықтағы әскери науқан бастады. Екі жылға созылған қарулы жанжал өткен аптада аяқталды. Израиль мен ХАМАС атысты доғару туралы келісімге отырды.
Израиль мен Газа секторының тұрғындары соғыстың аяқталғанын тойлады.
Израиль армиясының Газа секторына шабуылдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Шамамен 193 мың ғимарат қирады немесе зақымданды. Олардың арасында жүздеген аурухана мен мектеп бар.