Lifestyle

Superstar қатысушылары қазір қайда жүр

2000-жылдардағы рейтиңі жоғары тележобалардың бірі Superstar болған. Бұл ән байқауына қатысып, финалға дейін жеткендер кейін шынымен супер жұлдызға айналды. Өнерімен тамсандырған сол кездегі жас әншілер қазір орта жасқа таяп қалды. Кейбірі жеке кәсіппен айналысып жүр, сахнадан әлі түспегендері де бар. Өкінішке қарай, ғұмыры үзілгендері де жоқ емес. 20 жылдан астам уақыт бұрын басталған мегажобаның қатысушылары қазір қайда жүргенін Kursiv.Media тілшісі тізіп шықты.

Алмас Кішкенбаев

Көрермен назарына бұл жоба 2003 жылы ұсынылды. Сол алғашқы маусымда Алмас Кішкенбаев топ жарды. Ақтық сында ол Роман Киммен бас жүлдеге таласқан еді. Негізі бұл лек қатысушыларының ішінде жұлдызы жанған әнші аз емес. Олай болса, бәрін басынан бастайық. Сонымен жеңімпаз қызылордалық Алмас. Ол кезде кәмелетке енді толған Кішкенбаев бірден халықтың сүйіктісіне айналды десек болады.

Өйткені жоба өткен соң, бірден тележүргізуші әрі продюсер Ләйлә Сұлтанқызымен музыкалық келісімшарт жасасты. Осылайша бар болғаны екі жылдың ішінде алғашқы альбомын жарыққа шығарды. Бірнеше хит әндермен танылды. Бірақ кейіннен шоу-бизнестен біртіндеп алыстай бастады. Оған себеп ретінде сұхбаттарында жеке өміріндегі қиындықтар болып, күйзеліске түскенін айтқан. Қазір Алмас әлі де ән жазады. Әлеуметтік желіде парақшасын өте белсенді болмаса да жүргізіп отырады. Десе де, кейінгі жазған әндері хитке айнала қоймағанын атап өту керек.

Роман Ким

Роман Ким финалға дейін жеткен мықты вокалист. Қазір ол New Voice деген шығармашылық орталық ашып, жастарды музыка мен өнерге баулып жүр. Теміртаулық әнші жобадан кейін альбомын жарыққа шығарып, сахнада жарқырай бастаған. Бірақ продюсерлерінің келісімшарттағы көрсеткен талаптары ұнамай, қол қоюдан бас тартқан. Содан соң оған шоу-бизнес есігі біртіндеп жабыла берген. Тіпті қолдан түрлі өсек таратып, қысым көрсетілген. Ақыры Роман елден кетіп, біраз жыл Испанияда тұрып келді. Елге оралған соң Im a Singer KZ жобасына қатысып, жеңімпаз атанды. Қазір ол өз орталығының жұмыстарымен айналысып жүр.

Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген

Мақпал Исабекова мен Айқын Төлепберген де бірінші маусымға қатысты. Жобада жеңімпаз болмаса да, суперстарлықтардың ішінде әлі күнге дейін ел есінен шықпаған, аты жарқын аталатын жұлдыздардың біріне айналды. Екеуі де біразға дейін хит соңынан хит шығарып, бейнебаяндарын ел назарына ұсынып жүрді. Қазір де концерттерден төбе көрсетеді, ән жазады.

Әсем Жәкетаева

Әсем Жәкетаева да алғашқы маусымның қатысушысы. Жобадан кейін ән жазып, фильмдерге түсіп, реалити-шоуларға белсенді қатысып жүрген. Тіпті 2011 жылы сахнаға жаңа лақап атпен, Ailan деп шыққан еді. 2015 жылы Әсем тұрмысқа шықты, балалы болды. Қазір сахнаға шыға бермейді.

Қайрат Түнтеков

Жобаның екінші маусымында жеңісті Қайрат Түнтеков «жұлып» алды. Даусы ерекше жас әнші бірден халық сүйіктісіне айналды. Талай ән жаздырды, фильмге түсті. Бірақ түрлі қиындықпен бетпе-бет келіп, біраз уақыт мүлдем жоғалып кетеді. Оған себеп те көп деседі. Ал қазір Қайраттың қайтадан сахнаға шыққысы келіп жүргені байқалады. Өйткені әлеуметтік желілерде әншінің концерттерде өнер көрсетіп жүрген кадрлары таралып жүр.

Әлішер Кәрімов, Мөлдір Әуелбекова

Финалға Түнтеков Әлішер Кәрімовпен бірге шыққан еді. Ақтық сынды жеңіске жете алмаса да, Әлішердің сахнадағы жолы бәсекелесінен әлдеқайда сәтті болды. Олай дейтініміз Кәрімов әлі де концерттерге шығады, ән жазады. Тіпті биыл президенттің қолынан алғыс алып, Қазақстанның Халық Әртісі атағын алды.

Мегажобаның екінші маусымына қатысқандардың қатарында Мөлдір Әуелбекова да бар. Жобадан кейін ол танымал продюсер Баян Мақсатқызының көзіне түседі. Енді құрылып жатқан KeshYOU герлз-бендінің кастингінен сәтті өтіп, жұлдызы жарқырай түседі. Кейін бірнеше фильмге түсті. Мөлдір әлі де өнер саласында жүр. Құрмет орденін иеленді. Орамал таққанына байланысты кей кездері қысым көріп, жолы жабылғанын айтқанымен, қазір ол концерттерге жиі шақырылады. Оған қоса жеке бизнеспен айналысады. Қазақстанның бірнеше қаласынан мұсылман қыздарға арналған киім сататын дүкен ашып тастаған.

Гүлнәр Сильбаева, Анатолий Цой

Гүлнәрді көпшілік «Казахи» КВН-командасының белді мүшесі деп таниды. Оған қоса, актриса ретінде де бірнеше фильмге түскен. Бірақ осыдан 20 жылдай уақыт бұрын ол да SuperStar-ға қатысқан еді. Жеңіске жете алмаса да, харизмасы арқылы шоу-бизнеске өзіне жол салып алғаны анық. Біраз уақыт көңілді тапқырлар клубында ойнағанымен, қазір ол саладан алыс. Сұхбаттарында «КВН — жастар жүретін жер» дейді. Қазір ол ән айтады, тележобаларға қатысады. Тіпті күйеуімен дуэт болып орындайтындары да бар.

Анатолий Цой жұртшылыққа «Хочу в Меладзе» жобасынан соң қатты таныла бастады. Бірақ ол да Гүлнәр секілді кезінде SuperStar-дан бастаған. Ресейлік шоуға барғаннан кейін продюсер Константин Меладзенің көзіне түсіп, жаңадан құрылып жатқан MBAND мүшесіне айналды. Бірақ кейін топ тарап кетіп, Цой жеке әнші ретінде өнер көрсетіп жүр. Ол Қазақстаннан гөрі Ресейде көбірек танымал.

Нұржан Керменбаев, Ринат Малцагов

Нұржан мен Ринат Superstar-дың үшінші маусымның қатысушылары. Керменбаев елге «Қап-қарашка» деген атпен жақсы танылды. Бұл лақап атты шоуда әділқазы болған Нағима Есқалиева шығарған еді. Мегажобада Нұржан көрерменнің лайық бағасын ала алды. Вокалы да, харизмасы да жеңіске лайық үміткер екенінен хабардар етті. Жобадан соң сол кезде бірге қатысқан әріптесі Жанар Хамитовамен дуэт құрды. Бірақ кейіннен екі жаққа кетті. Қазір Керменбаев жеке әнші ретінде өнер көрсетіп жүр, әндері жарыққа шығып тұрады. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана әнші сонау жастық шағын еске алып, «Алғашқы рет қап-қарашка атанған кезім» деп ностальгиялық видеоны парақшасына салып қойыпты.

Ринат Малцагов та өнер жолын осы жобадан бастаған. Жобадан соң бірден «Перцы» тобына мүше болды. Біршама хит әнді орындап, жастардың көңілінен шығатын ерекше стилімен танылды. Кейін топ тараған соң жеке әншілік жолын жалғастырды. Телевизиялық бағдарламаларға да шығып тұратын. Бірақ кейінгі 2-3 жылда әнші мүлдем көрінбей кетті десе болады.

Жанар Хамитова, Анна Шейдер

Жанар Хамитованың болашағынан да көп үміт бар-тын. Оның Керменбаевпен дуэті екі жылға ғана жалғасты. Одан соң Жанар тұрмыс құрып, шетелге кетті. Он шақты жыл тұрғаннан кейін елге оралып, енді қайтадан ән жазсам деген ниеті барын да айтып жүрді. Бірақ жеке өмірінде қатты күйзеліске ұшыраған ол өкінішке қарай өмірін өзі үзіп, суицид жасады.

Superstar қатысушылары ішінде ғұмыры жас үзілген тағы бір әнші — Анна Шейдер. Жобадағы ең жарқын қатысушылардың бірі десек, артық айтқан болмаспыз. Қуыршақ сияқты келбеті көптің назарын жаулады. Жобадан шығып қалған соң, Анна жеке әнші ретінде өнер көрсете бастаған. Тіпті Холливудқа барып, жүлделі келген. Бірақ 2008 жылы әнші мен оның продюсері Георгий Бармин із-түссіз жоғалып кетеді. Кейіннен оларды әлдекімдердің ұрлап кетіп, кейіннен мәйттері табылғаны туралы ақпарат тарады. Көп ұзамай полиция қылмыскерлерді ұстады.  

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жеке бизнесі бар қазақстандық инфлюенсерлер туралы жазған едік.