«Қайрат-Реал» матчына билет сатқан алыпсатарларға қатысты екі арыз түсті

«Қайрат-Реал» ойыны барысында қымбат бағаға билет сатып алып, алыпсатарларға алданған азаматтарға ІІМ қандай көмек көрсетеді? Елдің қалтасын қағып жүрген делдалдар жауапкершілікке тартыла ма? Бұл сұрақтарға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жауап берді.
Сәденов журналистің алыпсатарларды полиция бақыламайды деген сөзімен келіспеді. Ол қарамағындағы әріптестерін қорғап, олардың жұмысына теріс баға бермеуге шақырды. Алаяқтармен түбегейлі жұмыс жасалып жатыр деп сендірді.
«Дегенмен арасында құтылып кетіп жатқандар да болады. Бірақ біздің принцип қылмыс жасалды ма, оның түбіне дейін жетеміз. Матч туралы айтсақ, жалпы кейбір азаматтардың мәдениеті. Өкінішке орай ондай фактілер де болды», – деп мәлімдеді миинистр.
Министрдің айтуынша матч кезінде заңсыз билет сатқандарға қатысты екі арыз келіп түскен.
«Бүгінде оған қылмыстық іс қозғалды. Жақсы қуанышты оқиғалар болған жерде, осындай да жағдайлар қатар жүреді», – деді Сәденов ІІМ кулуарында.
Осыған дейін депутат Бақытжан Базарбек билет бағасы мен оларды жаппай сатып алу мәселесін көтерген болатын. Ол шамамен 5 мың билетті ұлттық компаниялардың қызметкерлері мен лауазымды тұлғалары алдын ала сатып алғанын мәлімдеді.