
Қазақстанда мұра ретінде тек мүлік емес, оның қарызы да жиі қалатын жағдайлар көбейіп келеді. Азаматтар пәтер мен банктегі қаражатпен қатар, марқұмның несиесі, коммуналдық төлемдер бойынша берешегі мен басқа да қаржылық міндеттемелеріне де жауапты болатынын білмей жатады. Мұндай жағдайда не істеу керек, нені ескерген жөн?!
Мұрагерлік мерзімі
Fingramota.kz мәліметінше, мұрагерлік адамның қайтыс болған күнінен бастап ашылады. Сол күннен бастап мұрагердің нотариус арқылы мұраны қабылдау немесе одан бас тарту үшін алты ай уақыты бар.
Егер бұл мерзім өтіп кетсе, құқықты тек сот арқылы ғана қалпына келтіруге болады. Ол үшін ауру, шетелде болу немесе адамның қайтыс болғаны туралы ақпараттың болмауы сияқты дәлелді себептер қажет.
Қарыздар бойынша жауапкершілік
Мұрагер марқұмның қарыздары үшін тек мұраға қалған мүліктің құны шегінде ғана жауап береді.
Мысалы, егер пәтердің бағасы 20 млн теңге болса, ал қарыз 15 млн теңге болса, бұл қарыз өтелуі тиіс. Ал егер қарыз мүліктің құнынан асып кетсе, артық сома мұрагерден өндірілмейді.
Мұраға не кіреді
- Жылжымайтын мүлік
- Банктегі салымдар мен шоттар
- Көлік және басқа мүлік
- Акциялар мен бизнестегі үлестер
- БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары
Мұраға кірмейтіндер
- Алименттер
- Айыппұлдар
- Моральдық зиян
- Жеке сипаттағы өзге міндеттемелер
Ал несиелер, коммуналдық қарыздар және бөліп төлеулер мұрагерге өтеді.
Мысалы, адам қайтыс болды. Артында 41 млн теңгеге бағаланатын мүлік қалды, сондай-ақ 15,2 млн теңге қарыз болды. Мұрагер мүлікті қабылдайды және осы соманың шегінде қарызды өтейді. Қалған таза сома шамамен 25,8 млн теңге.
Егер қарыз мүлік құнынан асып кетсе, мұрагер артық соманы төлеуге міндетті емес.
Егер мұрагер марқұмның қарызының бір бөлігін өтеген болса, бұл автоматты түрде мұраны іс жүзінде қабылдады дегенді білдіреді. Яғни басқа мүлікпен қатар қалған қарыздарға да жауапты болады. Сондықтан заңгерлер мұраны қабылдамас бұрын нотариустан және банктерден марқұмның қарыздары туралы ақпаратты алдын ала сұрауға кеңес береді.
Айта кетейік, БЖЗҚ-дағы жинақтар да мұраға кіреді. Оларды заң бойынша немесе өсиет арқылы алуға болады. Бірақ аннуитет ерекшелік саналады, егер жинақтар сақтандыру компаниясына аударылған болса, олар мұрагерлікке жатпайды.
Мұраны қалай ресімдеуге болады?
- Нотариусқа жүгіну: алдымен нотариусқа барып, мұраны қабылдау немесе бас тарту туралы өтініш беру керек.
- Өтініш беру: мұраны қабылдаймын немесе одан бас тартамын деген ресми өтініш жазылады.
- Құжаттар жинау: қайтыс болған адамның құжаттары, мұрагердің жеке куәлігі, меншікке қатысты құжаттар қажет.
- 6 ай күту: осы мерзім өткеннен кейін мұра құқығы туралы куәлік беріледі.
- Мүлікті тіркеу және қарыздарды реттеу: мұрагер мүлікті өз атына тіркеп, егер қарыз болса, оны мүлік құны шегінде өтейді.