Жаңалықтар

«300 жыл бұрын салынғандар әлі бар»: депутат елдегі түрмелердің тозғанын айтты

Тәуелсіздік алғалы елде жаңадан бірде- бір түрме салынбаған / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстандағы түрмелердің дені өткен ғасырларда салынған, олардың кейбірі апаттық жағдайда тұр. Тіпті тәуелсіздік алғалы елде жаңадан бірде-бір түрме салынбаған. Осындай мәліметтерді келтірген депутат Абзал Құспан түрме тапшылығы мәселесін тағы да көтерді.

Депутат түрмелердің азып-тозып, есікіргені соншалық 200-300 жыл бұрын салынған түзеу мекемелері  әлі күнге дейін өзінің функциясын атқарып келе жатқанын атап өтті.

«Мысалы Өскемен қаласындағы тергеу изолияторы 18 ғасырдан бері, Орал қаласындағы тергеу изолияторы 19 ғасырдан бері жұмыс жасап  тұр. Мен 40-50 жыл бұрынғыны айтып отырғам жоқ», –  деп мәлімдеді депутат ІІМ-де өткен үкімет сағатында.

Мәжілісмен түрмеде жазасын өтеп жатқан азаматтарды тамақтандыруға да ақша жетпей жатқанын  мәлімдеді.

 «2025 жылғы бюджетке қарасақ, ІІМ-ге қарасты қылмыстық атқару жүйесіне 151,4 млрд теңгеге шығын жоспарланды, оның ішінде тек 88,3 миллиарды мақұлданған екен.  Яғни, 42% дефицит болды бюджетте. Ол деген түрмеде жатқан азаматтарды тамақтандыруға 8,7 млрд теңге жетпей қалды. Соның ішінде 2,3 млрд ақша ол 2024 жылға берешек.  Яғни, орта және шағын кәсіпкерлік өкілдері  тамақтандырады, бірақ өздерінің жасаған қызметіне  алдыңғы жылғы ақшаларын ала алмай отыр», –  деді Абзал Құспан.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру қажетін атап өткен еді. Ол жазасын өтеушілерді қоғамнан оқшаулау емес, оларды қайта тәрбиелеп, қалыпты өмірге бейімдеу керек деген болатын.