Жаңалықтар

9 айда мемлекеттік бюджетке 17,3 трлн теңге түскен

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мемлекеттік бюджетке 17,3 трлн теңге түскен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қазынаға қаржы 2,4 трлн теңгеге артық құйылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.

Республикалық бюджеттің түсімі 10,5 трлн теңге болды, бұл жоспардың 97,3%-ына тең. Өсім көлемі шамамен 1,4 трлн теңгені немесе 116%-ды құрады.

Жоспардың толық орындалмауына әсер еткен негізгі себептер ретінде министр әлемдік мұнай бағасының құбылмалылығын және геосаяси тұрақсыздықтың бизнес логистикасына ықпалын атап өтті. Бұл жағдай экспорт көлемінің 5,1%-ға төмендеуіне және бизнестен түсетін салық түсімдерінің азаюына әкелген.

Жергілікті бюджет кірісі 6,8 трлн теңгеге жетіп, жоспар 704 млрд теңгеге артығымен орындалды. Салық және кедендік әкімшілендіру шаралары аясында қосымша 653 млрд теңге резерв анықталған.

«Экспорттаушыларға қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жалпы 1 трлн теңге қайтарылды. Бұл экономикаға өтімді қаражаттың түсуін қамтамасыз етті», – деді министр.

Республикалық бюджеттің 6,5 трлн теңгесі әлеуметтік салаға жұмсалған. Ал өңірлерге 5,6 трлн теңге бөлінсе, нақты секторға 1,2 трлн теңге бағытталған.

Өңірлерді қолдауға бөлінген қаражаттың үлесі 74%-ды құрады. Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіш елдің теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
Жергілікті бюджеттер арқылы жалпы 9 трлн теңге әлеуметтік және негізгі қызметтерді қаржыландыруға жұмсалды.