
Салық кодексі күшіне енген соң 300 мың бизнес жабылады. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.
«Бірқатар бизнес жабылатынын біз бірден айтқанмыз. Негізінен бизнесін шағын кәсіпке бөлгендер жабылады. Өйткені енді кәсіпті бөлуге еш заңды негіз қалмайды. Салық органдарына тапсыратын есептен кім-кімге не сатып жатыр, не экспорттап, тұтынушыға не жеткізіп жатыр – соның бәрін көрдік», – деді вице-министр.
Бұрын айналымы 83 млн теңгеге жеткен соң, жаңа серіктікті тіркейтін. Енді олай істеудің қажеті жоқ. Вице-министрдің айтуынша, 300 мыңға жуық компания жабылмақ.
2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Жаңа жылдан бастап барлық дерлік салықтың төлеу тәртібі мен мөлшері өзгереді. Жаңа салық түрлері пайда болады. Салық жеңілдіктерін алу ережесі де өзгеріске ұшырайды. Сол себепті Kursiv.Media заңнамадағы ең басты өзгерістерді тізіп шығып, оларды қарапайым тілмен түсіндіруге тырысты. Толық мына жерден оқуға болады.