Вячеслав Ким Kcell компаниясының төрттен бір үлесін иеленді

Alatau City Bank иесі және Kaspi.kz компаниясының тең иеcі Вячеслав Ким телекоммуникация нарығындағы үлесін айтарлықтай арттырды. «Ручная экономика» телеграм-арнасының хабарлауынша, ол 6 қазан күні Ғалымжан Есеновке тиесілі болған KC Holding Ltd компаниясын толықтай сатып алды. Бұл компанияның иесі ауысқаны AIFC (МФЦА) жария реестрінде де тіркелген.
KC Holding Ltd құрылымы арқылы Есеновке Kcell компаниясының 14,87% немесе шамамен 29,7 млн қарапайым акциясы тиесілі болған. Осылайша, енді бұл үлес Кимнің меншігіне өтті.
Бұдан бөлек, Вячеслав Кимге Alatau City Bank арқылы Kcell акцияларының 9,08%-ы немесе 18,2 млн қарапайым акциясы тиесілі. Нәтижесінде ол Kcell компаниясының шамамен 23,95% акциясын, яғни төрттен біріне жуық үлесін иеленіп отыр.
Adata базасының дерегіне сәйкес, KC Holding Ltd компаниясындағы қатысушылар құрамының өзгерісі 2025 жылғы 6 қазанда тіркелген.
Дәл сол күні Kcell акцияларымен сауда көлемі 1 млрд теңгеден асқан, ал келесі күні 1,15 млрд теңгеге жеткен. Салыстыру үшін, қыркүйек айындағы жалпы сауда көлемі бар болғаны 1,26 млрд теңге болған.
Айта кетсек, Ғалымжан Есенов бұл үлесті алғаш рет 2023 жылғы шілде айының соңында люксембургтік Pioneer Technologies S.A.R.L. компаниясынан алған еді. Кейін, 2024 жылғы қыркүйекте, ол аталған үлесті өз атына тіркелген KC Holding Ltd компаниясына өткізген.
Биыл жазда Вячеслав Ким Есеновтее «Alatau City Bank» АҚ-ның (бұрынғы «First Heartland Jusan Bank» ) 100% акциясын сатып алды.