Жеңілдетілген салық тәртібін айқындауды талқылау мерзімі тағы ұзарды

Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режиміне арналған «тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі» бойынша онлайн-талқылау мерзімі 16 қазанға дейін ұзартылды.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында мерзімді ұзартуға ұсыныстар мен ескертулердің көп түсуі себеп болғанын айтты.
«Талқылау мерзімі 16-сына дейін ұзартылды – бұл Әділет министрлігінің шешімі. Себебі өте көп ұсыныс пен пікірлер келіп түсті. Менің білуімше, бүгінгі күнге дейін 800-ден астам ұсыныс пен ескерту жолданған. Сондықтан 16-сына дейін талқылау жалғасады. Біз әр ұсыныс пен ескертудің барлығына жеке жауап жазамыз», – деді Азамат Әмрин.
Вице-министрдің айтуынша, қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жекелеген ОКЭД (экономикалық қызмет түрлері) кодтары бойынша жеке кеңестер өтіп жатыр. Сол отырыстарда нақты салалар талданып, қосымша есептер жүргізіліп жатыр.
26 қыркүйекте Ұлттық экономика министрлігі 2026 жылдан бастап «жеңілдетілген салық жүйесін» қолдануға тыйым салынатын ОКЭД тізімдерін жариялаған. Министрлік бірден екі құжат ұсынды. Соның бірі – үкімет қаулысының жобасы, онда жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізімі бекітілген. Тізімге 1111 ОКЭД-тің ішінен 795 қызмет түрі енгізілді. Бұл – салық төлеушілердің жалпы санының шамамен 30 пайызына тең көрсеткіш.