Банктер ауыл шаруашылығына несие бергісі келмейді – Ұлттық банк

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов агроөнеркәсіп саласын Қазақстанның банктері қаржыландырғысы келмейтінін айтты. Оның сөзінше, ел үшін маңызды бұл сала – банк секторы үшін тартымсыз болып отыр.
Мәселені кім көтерді
Бұған дейін Айдарбек Қожаназаров бастаған бір топ депутат ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімнің 5% құрайтынын мәлімдеген еді. Бірақ бұл салаға бөлінген несие көлемі небәрі 1,5%. Себебі «өтімді кепілдің жоқтығы».
«Алайда жер, мал, техника – нақты активтер. Егер банктер жердің құнын көрмесе – бұл нақты экономикадан алшақтап кеткенімізді білдіреді», – деген депутаттар екінші деңгейлі банктерді ауыл шаруашылығын несиелеуге тартудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді ұсынған.
Сүлейменовтің жауабы
Ұлттық банк төрағасы келтірген мәлімет бойынша, 2010 жылдан бастап мемлекеттің саланы кредиттеудегі үлесі 23%-дан 53%-ға дейін ұлғайған. Жеңілдетілген қаржыландырудың негізгі институты – квазимемлекеттік сектор, оның ішінде аграрлық кредиттік корпорация, ҚазАгроҚаржы.
Ресми мәліметке сәйкес, АӨК субъектілеріне кредит портфелі 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 1,2 трлн теңгені құрады, оның ішінде Аграрлық кредиттік корпорацияға – 569 млрд теңге (49%), банктерге – 501 млрд теңге (43%), басқа құрылымдарға с 82,6 млрд теңге (7%).
«Қарыз қаражатының қолжетімділігі едәуір дәрежеде қаржыландырудың құнын және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жүктемені төмендететін мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен (субсидиялау, кепілдік беру) қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар банктер АӨК секторының инвестициялық тартымдылығының артуына қарай ауыл шаруашылығы субъектілерін қаржыландыруға дайын», – дейді Сүлейменов.
Банктер неге құлықсыз
Депутаттарға берген жауабында Тимур Сүлейменов Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ұстанымын келтіреді. Олар агросалаға банктердің қызықпауының себебін былай көрсеткен:
– өндіріс құралдарын сатып алуға арналған операциялық шығасылардың жоғары үлесі;
– ескірген материалдық-техникалық база;
– жобаларды өтеудің ұзақ мерзімі;
– жинақталған қарыз жүктемесі;
– жеңілдетілген мемлекеттік қаржыландыруға деген айтарлықтай тәуелділік;
– ашықтықтың жеткіліксіздігі және басқа мәселелер.
«Осыған байланысты банктер үшін тартымсыз болып қала береді. Өнімнің шектеулі сатылуына, нарықтардан кетулерінің салдарынан бәсекелестікке және әлсіз логистикалық инфрақұрылымға байланысты нарықтық тәуекелдер қосымша теріс әсер етеді», – дейді Тимур Сүлейменов жауабында.
Әйтсе де, Сүлейменов Президент Жолдауын іске асыру шеңберінде аталған проблемаларды шешу үшін экономикаға, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенге кредит беруді кеңейту жөніндегі белсенді жұмыс жалғасатынын хабарлайды.