Банкир әкім болды. Семейді енді кім басқарады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
аким, Семей
Әділет Қожанбаев Семейдің әкімі болып сайланды / Фото: kursiv.media архиві

Семейде қала басшысы сайланды. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау қорытындысы бойынша Әділет Қожанбаев 77,1% дауыс жинап, жеңіске жетті.

Әділет Қожанбаевтың қарсыластары Қаныш Төлеуов 10,8%, Айболат Бекжасаров 8,4% дауыс жинаса, 3,7% адам барлығына қарсы дауыс берген.

Айта кетейік, 12 қазан күні Семей қаласында еліміздегі алғашқы облыс орталығы деңгейіндегі әкім сайлауы басталған еді. Бастапқыда сайлау науқанына төрт кандидат қатысты. Алайда 7 қазан күні Қанат Шапатов Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық сарайының басшысы әрі қалалық мәслихат депутаты жеке себептермен өз кандидатурасын қайтарып алды. Осылайша, бюллетеньде үш үміткер қалды. Сөйтіп облыс орталығы басшысы сайлау арқылы алғаш рет айқындалды.

Жаңа әкімнің өмірбаяны

Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев 1980 жылы 1 қаңтарда Семей облысы Көкпекті ауданы Биғаш аулында дүниеге келген.

Қазтұтынуодағының аң-терісі мех колледжін «Экономика, бухгалтерлік есеп және талдау» мамандығы бойынша бітірген. Тұран университетінің «Бухгалтерлік есеп және талдау», «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірді. Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясында оқып, «Іскерлік әкімшілендіру шебері – Master of Business Administration (MBA)» біліктілігін алған.

Еңбек жолын 2000 жылдан бастап «Крамдсбанк» АҚ Семей филиалының тарату комиссиясында кредиттік қызметкер ретінде бастады.

2001 -2013 жылдары Алматы қаласындағы «БТА Ипотека» АҚ-да процессинг және кепіл мониторингі бөлімінің басшысы, кредиттік басқарманың басшысы, атқарушы директоры болған. 2013-2014 жылдары- «Темірбанк» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі, Семей қаласындағы Банк филиалының директоры қызметін атқарған.

2014 -2021 жылдары «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да операциялық департамент директоры, басқарушы директор, басқарма төрағасының орынбасары болса, 2021-2022 жылдары — «Қазақтелеком» АҚ Алматы қаласындағы сервистік фабрика – филиалының бас директоры лауазымын атқарды.

2022 жылдан 2024 жылдың 2 тамызына дейін — «Абай облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы, ал күні бүгінге дейін Көкпекті ауданының әкімі қызметінде болған.

Сондай-ақ оқыңыз