75 жастағы қазақстандық шахматтан Азия чемпионы болды

75 жастағы қазақстандық Марат Пірімбетов классикалық шахматтан 2025 жылғы Азия чемпионатының 65+ жас санатындағы жеңімпазы атанды. Бұл жетістікке 75 жастағы алматылық спортшы Ирактың Эрбиль қаласында қол жеткізді.
2025 жылғы 5–13 қазан аралығында сеньорлар арасындағы классикалық және блиц шахматтан кезекті, яғни 14-ші Азия чемпионаты өтті. Онда 12 елден келген спортшылар екі жас санатында – 50 жастан жоғары (50+) және 65 жастан жоғары (65+) топтарда бақ сынады.
«65+ жас санатында барлығы 17 шахматшы, соның ішінде бір әйел – әйелдер арасында гроссмейстер (WGM), 50+ санатында үш дүркін әлем чемпионы (2011, 2012, 2015) Галина Струтинская (рейтингі – 2077, FIDE) қатысты. Осы топта Қазақстанның жалғыз өкілі Марат Пірімбетов (2113) болды. Ол 4-ші турдан кейін турнир кестесінде көш бастап, соңына дейін бірінші орнын ешкімге бермеді», – деп хабарлайды Шахмат федерациясы.

Азия чемпионы атағын жеңіп алған Марат Примбетов енді сеньорлар арасындағы әлем чемпионатына (33th World Senior Chess Championships 2025) жолдама алды. Бұл жарыс 25 қазанда Италияның Галлиполи қаласында басталады. Сонымен қатар, ол халықаралық мастер (IM) атағына ие болды.