Алматы әуежайында ұшақ жанармай көлігімен соқтығысты

Жарияланды (жаңартылды )
​​General news бөлімінің тілшісі
Алматы әуежайында ұшақ жанармай көлігімен соқтығысты / Фото: Lufthansa

Алматы халықаралық әуежайында Lufthansa әуе компаниясының Airbus A340 ұшағы жанармай көлігімен соқтығысқан.

Алматы әуежайының баспасөз қызметі хабарлаған ақпаратқа сүйенсек, оқиға 13 қазан күні түнде болған. Шамамен 01:25-те Алматыдан Астанаға ұшуы тиіс әуе кемесіне жанармай құйылған. Жанармай құюшы көлік тұрақтан шығу кезінде ұшақтың қозғалтқышын жанап өткен.

Арнайы инженерлік қызмет әуе кемесін дереу тексеріп, қозғалтқыш капотында аздаған сызаттар барын анықтаған. Қажетті техникалық шаралар жүргізілгеннен кейін, әуе кемесіне ұшуға рұқсат берілген.

«Қазіргі уақытта әуежайдың ұшу қауіпсіздігі департаменті бұл оқиға бойынша жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз жолаушылар мен экипаждан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Әуежайдағы қауіпсіздік — біздің басты басымдықтарымыздың бірі», – делінген әуежай хабарламасында.

Мұның алдына Қостанайдан Астанаға бет алған ұшақтың дөңгелегі жанып кеткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз