«Дикий Арман» апелляциялық сотқа шағым түсірді

«Дикий Арман» лақапатымен белгілі Арман Жұмагелдиев апелляциялық сотқа шағым түсірген. Мәліметті «ҚазАқпаратқа» Алматы соты растаған.
Сот ақпарына сүйенсек, Жұмагелдиев бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспей апелляциялық шағым түсірген. Сот отырысы 14 қазанда Алматыда жабық режимде өткен.
Жұмагелдиевті не үшін соттады?
Айта кетейік, Арман Жұмагелдиев 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде «бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстаған» деген күдікке ілінген. Бұл іске Жұмагелдиевтен бөлек, 43 адамның қатысы болған. Олардың қатарында Махатов қылмыстық тобының мүшесі саналатын кәсіпкер Қайрат Құдайберген мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Ысқақов бар.
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Жұмагелдиевті 20 жылға бас бостандығынан айырды. 2025 жылдың шілдесінде Бас прокуратура Жұмагелдиевпен бірге Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бір адамды Дубай экстрадициялағанын хабарлаған.
Жұмагелдиев қай жерде қамауда отыр?
Осыған дейін ІІМ «Курсивтің» сауалына берген жауабында Жұмагелдиевтің қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтеп жатқанын айтқан еді. Алайда ақпаратты толық бермей, оның нақты қай мекемеде отырғанын жариялау заңға қайшы екенін жеткізген.