Газа аймағын 15 палестиналық технократ басқарады

Газа аймағын 15 палестиналық технократтан тұратын уақытша әкімшілік комитет басқарады. Бұл туралы Мысырдың Сыртқы істер министрі Бадр Абдель Алиге сілтеме жасап, Associated Press хабарлады.
Комитеттің құрылуын Палестина фракциялары, соның ішінде ХАМАС тобы мақұлдаған. Кандидатураларды Израиль билігі де тексерген. Комитет мүшелерінің есімдері әлі жария болған жоқ.
Комитеттің жұмысын және Газаны қалпына келтіруге бағытталған қаражатты бақылайтын бейбітшілік кеңесінің басшысы АҚШ президенті Дональд Трамп болады.
«Біз бұл мамандарды Газадағы адамдардың күнделікті өмірін жақсарту үшін пайдалануымыз керек, ал бейбітшілік кеңесі аймақты қалпына келтіруге кететін қаржы ағынын қолдауы және бақылауы керек», — деді Бадр Абдель Али.
Министр ХАМАС соғысты аяқтау туралы АҚШ жоспарын қолдағанын және өтпелі кезеңде аймақты басқаруға араласпайтынын атап өтті. Израиль өз кезегінде әскерін аймақта шығарып, гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуі керек.
Бұған дейін БҰҰ Газаның инфрақұрылымына келген шығын 70 миллиард долларға жеткенін және аймақты қалпына келтіру үшін ондаған жылдар қажет болуы мүмкін екенін хабарлады.
Айта кетейік, 14 қазанда АҚШ, Мысыр, Түркия мен Катар Газадағы атысты тоқтату туралы декларацияға қол қойған. Алайда 15 қазанда Газада тағы да оқ атылып, алты адам қаза тапқан.