
Экономикалық сарапшы Айбар Олжай дәл қазір үй алуға, ипотека жасатуға қолайсыз уақыт екенін ескертті. Бұл туралы ол өзінің Фейсбук парақшасына жазды.
Неге?
Сарапшы халықты 20 пайыздан асатын ипотекаға жоламауға шақырды. Себебі бұл ең қымбат өнім. Әрі аннуитетте болған жағдайда оны төлеп біту де мүмкін болмайды.
«Сосын дәл қазір үй алатын уақыт емес. Үй бағасы әлі күшіне енбеген, бірақ риелторлар мен брокерлер жан ұшыра қоздырып жатқан ҚҚС (Қосылған құн салығы) ажиотажымен сабын көбігі сияқты көпіріп өсті. Бір қызығы, ҚҚС қолданыста болған үйлерге еш қатысы жоқ дүние. Ал жаңа салынып сатылған үйлер еліміздегі баспананы алып-сату нарығының көп болса 25 пайызын құрайды. Мысалы, былтыр 383 мың сатып алу-сату келісімдері тіркелген. Сонда оның 287 мың сделкасы қолданыста болған үйлерге қатысты деп олйлаймын. Сондықтан ҚҚС жалпы баспана нарығында көп рөл ойнамауы тиіс», – деді сарапшы.
Артық ақшаны не істейміз?
Оның пікірінше, коммерциялық ипотека алу азайып, сұраныс қысқарады. Сондықтан артық ақшаны депозитте сақтаған жөн. Себебі депозитте жылына 20% пайыз кіріс болады.
«Барлығымыз артық ақшаны теңгелік депозитте ұстап, кредитті қысқарта алсақ, инфляция тез суып, 8-9% деңгейіне дейін түсе бастайды. Сол кезде 9-11% ипотекаға оралып, баспана мәселесін оңай шешесіздер. Бастысы, асықпаңыздар», – деді сарапшы.
Банктер ипотека беруді тоқтата ма?
Айбар Олжайдың айтуынша, базалық мөлшерлеме 18%-ға көтерілгеннен кейін банктерге ипотека бергеннен гөрі өз ақшасын Ұлттық Банктің депозитінде сақтаған тиімді. Ал келесі айдан бастап жылдық тиімді мөлшерлемені 20%-дан асырмау туралы норма күшіне енгенде банктер коммерциялық ипотека беруді уақытша тоқтатады. алайда бұл олар ипотекаға нарығынан біржола кетеді деген сөз емес.
«Қалай базалық мөлшерлеме 16 пайыздан түсе бастайды, банктер бірден ипотека нарығына оралатын болады. Және бұл жағдайда біраз банкте тұрғын-үй құрылыс жинақ жүйесіне кіру бойынша мотивация пайда болуы мүмкін. Осылайша ТҮҚЖЖ схемасы арқылы беріле алатын арзан ипотека системасы елімізде кең қанат жаюы да ғажап емес. Ондағы 3 пайыздық маржа банктердің оң жамбасына келеді. Себебі, жиналған өтімділікті қазынашылық операциялар арқылы айналдырып, одан да біраз маржа алуға болатыны анық», – дейді сарапшы.
Айта кетейік осыған дейін Қазақстандағы банктер ипотека бойынша өтініш қабылдауды тоқтатқанын жазған едік.