«Лукойл» Қазақстандағы қайырымдылық істеріне 300 миллион доллар жұмсады – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы қызметіне 30 жыл толуына орай өткен іс-шараға қатысты.
««Лукойл» – елімізде табысты жұмыс істеп жатқан беделді компанияның бірі. 1995 жылы Қазақстанға алғаш қадам басқан компанияның еліміздегі абырой-беделі зор деп айтуға толық негіз бар. Бұл – табанды еңбек пен терең жауапкершіліктің арқасы екені сөзсіз. Бұдан бөлек, «Лукойл» компаниясы Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестікті нығайта түсуге мол үлес қосып жатыр», – деп бастады сөзін Тоқаев.
Ол кәсіпорынның қазақ жеріндегі қызметі «Құмкөл» жобасынан бастау алатынын еске салды. Компания Қазақстанның мұнай-газ саласына 12 миллиард доллардан астам қаржы салып, 94 миллион тонна мұнай және 60 миллиард текше метр газ өндіргенін және 300 миллион долларға жуық қаржыны әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа жұмсағанын атап өтті.
«Каспий қайраңында «Лукойл» «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесе «Қаламқас теңіз» және «Хазар» секілді перспективті жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Бұл – стратегиялық жобалар. Кен орындарын игеру үшін алты миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құю және екі мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобадағы қазақстандық үлесті арттыру мақсатында теңіз мұнайын өндіру платформасына Маңғыстау облысының кеме жасау және жөндеу өндірісі тартылған. Кәсіпорын Қарашығанақ кен орнында жұмысын жемісті жалғастырып келеді», – деп өрбітті президент.
Мемлекет басшысы 2019 жылы Алматы облысында жағармай зауытының іске қосылуын ынтымақтастық тарихындағы ең маңызды кезең ретінде атады.

«Корпорацияның әлеуметтік жауапкершілік танытудағы жоғары деңгейі мен қайырымдылық саласындағы қолдауын ерекше атап өткім келеді. Компанияның адам капиталын дамытуға айрықша көңіл бөлетіні қуантады», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторы Қазақстан экономикасында үлкен рөл атқаратынын жеткізді. Алда қолданыстағы кен орындарын одан әрі игеру міндеті тұрғанын еске салды.
«Сонымен қатар ауқымды геологиялық барлау, шикізатты терең өңдеу жобаларын іске қосу, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ адамға, әлеуметтік салаға инвестиция құю жұмыстарының маңызы зор. «Лукойл» компаниясы бұл басымдықтарды толық қолдайтынына, болашақта стратегиялық ынтымақтастықты дамытуда жаңа табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген компанияның барлық қызметкеріне алғыс айтамын», – деп қорытындылады ол.