
Алматыдағы атақты Car City сауда орталығына иелік ететін Сar Сity жылжымайтын мүлік акционерлік инвестициялық қорының иелері 2024 жылдың қорытындысы бойынша 350 млн теңге дивиденд алады. Бұл туралы Қордың өзі таратқан ақпараттан білуге болады. Тиісті шешім 1 қазанда Алматыда өткен акционерлердің жалпы отырысында қабылданған.
«2024 жылдың 31 желтоқсанда Қордың таза табысының бір бөлігін бөлудің мынадай тәртібі бекітілсін: 1) Қордың жай акцияларының барлық ұстаушыларына 350 000 000 (үш жүз елу миллион) теңге мөлшерінде дивидендтер төлеуге қаржы жіберілсін», – делінген акционерлер қабылдаған шешімде.
Қордың қаржылық есебіндегі ақпаратқа сәйкес, оның акцияларының 51%-ы Mercury Properties ЖШС-на, 16%-ы Алина Қасымоваға, 15%-ы Раушан Сағдиеваға, 10%-ы Нұрахмет Нұриевке («Қазақмыс»корпорациясының Басқарма төрағасы) тиесілі болса, Балдырған Ғалиев, Айгүл Сыздықова мен Дея Қасымоваға және Кения Қасымоваға 2%-дан тиесілі.
Компанияның негізгі акционері Mercury Properties-тің тең иелері – Динара Құлыбаева және «Кипрос» компаниясы, ал бұл компанияның жалғыз иесі – Тимур Құлыбаев. Тимур мен Динара Құлыбаевтар Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтардың тізімінде тиісінше төртінші және бесінші орындарды иеленеді, олардың әрқайсысының байлығы 5,3 млрд доллар.
Қордың құжаттамасына сүйене отырып, Құлыбаевтар 178,5 млн теңге дивиденд, Алина Қасымова – 56 млн теңге, Раушан Сағдиева – 52,5 млн теңге, Нұрахмет Нұриев – 35 млн теңге және қалған акционерлер – 7 млн теңгеден дивиденд алады.
Car Сity қорының акционерлік капиталы 121,15 млн теңгені құрайды. Қор Алматының «Кар Сити» сауда орталығына иелік етіп, ондағы сауда орындарын жалға береді. Бұл сауда орталығында көбіне автокөлік бөлшектерін сатады. Қордың активтері UD Capital компаниясының сенімгерлік басқаруында.
Сауда орталығының жалпы ауданы 31,4 мың шаршы метрді құрайды, жер учаскесі – 1,55 га. 2024 жылы жалдау ақысы бір шаршы метрге 6550 теңгені, 2023 жылы – 5617 теңгені құрады. 2024 жылы жалдау қызметтерінен түскен табыс 1,64 млрд теңгені құраса, 2023 жылы 1,6 млрд теңге болған. Қордың пайдасы 2023 жылғы 1,08 млрд теңге, ал 2024 жылы 1,3 млрд теңгені құрады.