
Маңғыстау облысы халықаралық BBC арнасының жаңа бейнематериалының басты кейіпкеріне айналды.
«The alien lands once hidden beneath the ocean» («Мұхит түбіне жасырынған тылсым жерлер») атты бейнеролик BBC Reel платформасында жарияланып, өңірдің бірегей табиғаты мен геологиялық тарихына арналған.
Материалда Маңғыстаудың миллиондаған жыл бұрын ежелгі мұхит түбінде қалыптасқан үстірттері, шатқалдары мен жартастары бейнеленген. Түсірілім авторлары қазіргі Батыс Қазақстан аумағының ежелгі теңіз түбі болғанын атап өтіп, бұл өңірдің табиғи бедері өзге ғаламшар ландшафтына ұқсайтынын айтады.
BBC бейнематериалында сондай-ақ Маңғыстаудың мәдени және туристік әлеуеті кеңінен таныстырылған. Табиғаттың әсемдігі, тарихи мұра және дәстүр үйлескен бұл аймақ соңғы жылдары шетелдік саяхатшылар арасында ерекше қызығушылық тудырып келеді.
Бейнеролик Қазақстанның халықаралық деңгейдегі туристік имиджін арттыруға ықпал етіп, шетел аудиториясының еліміздің табиғи және мәдени байлығына назарын күшейтті.
Айта кетейік, биыл шілде айында Үкімет 2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік өңірін дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекіткен болатын. Құжат тоғыз бағыт пен 102 іс-шараны қамтиды.
Жоспар аясында өңірдің инфрақұрылымын дамыту, Бозжыра, Тамшалы, Жығылған, Торыш, Шақпақ-Ата, Саура және Қызылқұп секілді нысандарға қолжетімділікті арттыру көзделген. Сонымен қатар Кендірлі курортты аймағын дамытуға ерекше назар аударылған.