Жаңалықтар

Google Үндістанда құны 15 млрд доллар болатын дата-орталық салады

Фото: Alphabet Inc.

Alphabet Inc. құрамына кіретін америкалық Google компаниясы алдағы бес жыл ішінде Үндістанның оңтүстігінде деректер орталықтарын салуға 15 млрд доллар жұмсайды. Бұл туралы Google Cloud басшысы Томас Куриан CNBC-ге мәлімдеді.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде АҚШ-тан тыс ең ірі жасанды интеллект хабы құрылмақ. Оның жалпы қуаттылығы 1 гигаваттқа жетеді.

Андхра-Прадеш штатының адам ресурстарын дамыту министрі Нара Локештің айтуынша, осы жоба үшін бір жыл бойы белсенді келіссөздер жүргізілген. Ол мұны «тек бастамасы ғана» деп атап өтті.

Үндістанның Economic Times басылымы бұған дейін инвестицияны Google-дың жергілікті бөлімшесі Raiden Infotech жүзеге асыратынын хабарлаған. Компания Вишакхапатнам қаласында үш кампус салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Google Қазақстанда да кеңсесін ашуы мүмкін.