Депутаттың әйелі ең үлкен көпір құрылысынан бірнеше миллиард тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Орталық Азиядағы ең үлкен көпірді салған компания табысы 12 есе артты / фото: primeminister.kz, бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев
Орталық Азиядағы ең үлкен көпірді салған компания табысы 12 есе артты / фото: primeminister.kz, бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысына жауапты «ОблШығысЖол» компаниясы 2023 жылы 220 млн теңге, ал 2024 жылы 2,7 млрд теңге пайда тапты. Соның арқасында Мәжіліс депутатының әйелі мен мәслихат депутаты басқаратын компания кірісі бірден 12,1 есеге артты. Бұл туралы оның қаржы есебінде айтылған.

Мәслихат депутаты мен депутаттың әйелі

«ОблШығысЖол» компаниясы Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Оның жалғыз қожайыны – «Элхон» ЖШС. Ал оның иелері Жанболат Қазанов пен Сәуле Тумашинова.

Жанболат Қазанов – Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. Ол биыл тамызда көлік саласының дамуына қосқан үлесі үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан екінші дәрежелі «Барыс» орденін алған.

Ал Сәуле Тумашинова болса мәжіліс депутаты Лұқбек Тумашиновтің әйелі.

Бірнеше миллиард табыс

Қаржы есебінде көрсетілгендей, компания түсімі 2023 жылы 20 млрд теңге болса, былтыр бірден 32,2 млрд теңгеге дейін артқан. Мәселен, жазда және қыста автожолдарға қараудан 4,3 млрд теңге келсе, оларды жөндеуден тағы 978 млрд теңге түскен. Ал тауар сату мен қызмет көрсетуден 811,2 млн теңге кірген.

Бірақ ең көп табыс көпір құрылысынан түсті – 26,2 млрд теңге (15,1 млрд теңге – 2023 жыл).

Ең үлкен көпір

2019 жылғы 19 қыркүйекте президент Тоқаев үкімет пен ШҚО әкіміне Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салуды тапсырған. Сол кезде өңірдің жеті ауданының (Күршім, Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Алтай, Үлкен Нарын және Қатон Қарағай) тұрғындары пароммен қатынайтын. Оның өзіне жарты жарты ғасырдан асқан.

Күн суытқан уақытта жүргізушілердің кейбірі мұздың үстімен жүре беретін. Сөйтіп шамамен 600-700 км жолды қысқартатын. Ресми мәліметке қарағанда, жүздеген автокөлік суға батып, шамамен 300 адам қаза тапқан.

Жаңа көпір салынатыны 2020 жылғы ақпанда жарияланған. Сол кезде құрылыс 30,2 млрд теңгеге бағаланған. Қаражаттың 90%-ы республикалық, қалғаны облыстық бюджеттен алынатыны мәлім болған.

Кейін көпір құны бірден екі есеге – 61 млрд теңгеге дейін өсіп кетті. 2024 жылғы қазанда «ОблШығысЖол» ұзындығы 1316 метр, ені 13 метр болатын екі жолақ көпірді пайдалануға тапсырды. Оны Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең үлкен көпір деп атайды.

Бұқтырма су қоймасы – Ертіс өзеніндегі Бұқтырма ГЭС-і бөгетінен пайда болған су қоймасы. Көлемі жағынан әлемдегі ең ірі он жасанды су қоймасының қатарына кіреді. Қоймаға 1960 жылдан бастап су жинала бастады.

Сондай-ақ оқыңыз