Жаңалықтар

Газа секторында тағы оқ атылып, алты адам қаза тапты

Газа секторы, 14 қазан, 2025 жыл / фото: REUTERS/Ebrahim Hajjaj
Газа секторы, 14 қазан, 2025 жыл / фото: REUTERS/Ebrahim Hajjaj

Атысты доғару туралы бейбіт келісімге қарамастан, 14 қазанда Газа секторында тағы да оқ атылды. Жергілікті билік кем дегенде алты адам қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Сектордағы атыс

Газа секторында «соғыс аяқталғаны» жарияланғалы бері алғаш рет оқ атылды. Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) өкілдері Газада «сары сызықтан» өтіп кеткен бірнеше адамға оқ атқанын айтты. Мұндай сызық Ақ үйдің атысты доғару жөніндегі картасында көрсетілген. Израиль әскері сектордан осы бағытпен шығуы керек. Атыс Газаның солтүстігінде болған.

Израиль жағы күдіктілер талапты орындамай, жауынгерлерге жақын келгенін, сондықтан әскерилер оқ атқанын алға тартып отыр. Бұған қоса, ЦАХАЛ Газа тұрғындарына келісім шартынды сақтауға, жауынгерлерге жақындамауға кеңес берді. Израиль армиясының мәлімдемесін CNN телеарнасы таратты.

Газа билігі не дейді

Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, сейсенбі күні Израиль жауынгерлері алты палестиналықты атып өлтірді. Атыс анклавтың екі түрлі ауданында болды. Мұндай мәліметті Reuters агенттігі жариялады.

Бір күн бұрын ХАМАС Газада тірі қалған тұтқындарды бостақан. Израиль оларды автобустармен үйлеріне жеткізген. Сол күні АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимге барып, екі жылға созылған «соғыс аяқталғанын» мәлімдеген.

Израиль мен Палестина арасындағы соғыс 2023 жылғы 7 қазанда басталған. Сол күні ХАМАС күштері Израильдің оңтүстігіне басып кірген. Артынша Тель-Авив Газа секторында құрлықтағы әскери науқан бастады. Екі жылға созылған қарулы жанжал өткен аптада аяқталды: Израиль мен ХАМАС атысты доғару туралы келісімге отырды.

Израиль мен Газа секторының тұрғындары бейбітшілік орнағанын тойлады.

Израиль армиясының Газа секторына шабуылдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Шамамен 193 мың ғимарат қирады немесе зақымданды. Олардың арасында жүздеген аурухана мен мектеп бар.