Жаңалықтар

Қазақcтанда ата-аналардың балаларын ұрып-соғу фактілері азайып келеді

Қазақстанда балаларға физикалық жаза қолдану азайып келеді / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда ата-аналардың балаларын тәрбиелеуде күш қолдану мен психологиялық агрессия жасауы айтарлықтай төмендеді. Статистикаға сүйенсек, 53%-дан 38%-ға дейін азайған. Бұл туралы БҰҰ-ның ЮНИСЕФ қоры жүргізген зерттеу деректеріне сүйене отырып, балалар омбудсмені Динара Закиева мәлімдеді.

Оның айтуынша бұл Орталық Азия мен Еуропа елдері арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Мұндай мәліметтерді Зәкиева балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған халықаралық конференция барысында айтты. Іс-шара БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, ЮНИСЕФ және Румыния үкіметінің ұйымдастыруымен Бухарест қаласында өтіп жатыр.

«Бүгін Еуропалық одақ пен Орталық Азияның 32 елінің үкімет өкілдері Румынияда бас қосып, өткен жылы Колумбияның Богота қаласында өткен алғашқы жаһандық конференция қорытындысы бойынша балаларға қарсы зорлық-зомбылықты жою бағытында жүргізілген жұмыстар мен тәжірибелерімен бөлісуде», — деді Закиева.

Конференция барысында омбудсмен Динара Закиева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаларын таныстырды. Солардың қатарында күн сайын мыңға жуық бала көмек алатын QR 111 жүйесінің іске қосылуы және буллингтің, зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алуға бағытталған шараларды біріктіретін SAFE платформасы бар.

Айта кетейік бұдан былай, мектептегі буллинг үшін ата-аналарға да айыппұл салынады. Яғни, бала тәртібіне ата-ана жауапты. 2025 жылы буллинг үшін алғашқы айыппұл көлемі 10 АЕК (39 320 теңге) болады. Егер жағдай қайталанса, айыппұл 30 АЕК-ке (117 960 теңге) дейін өседі.