Жаңалықтар

Тоқаев Қазақстанда электронды парламент іске қосылатынын айтты

Новый университет по ИИ появится в Казахстане
e-Parlament сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін \ Коллаж: kursiv.media архиві

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электронды парламент (e-Parlament) алдағы уақытта мемлекеттік жүйенің маңызды бөлігіне айналуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде бірқатар елде азаматтардың саяси өмірге қатысуының және заң шығару процесінің тиімділігін арттырудың жаңа формалары сынақтан өтуде.

«Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түрде күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі электрондық үкімет – e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін», – деді Тоқаев Парламенттік реформалар жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, бір палаталы парламентке көшу жаңа технологияларға бейімделуге және шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Сол себепті бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орындатады, e-Parlament жүйесі қыр астында тұр. Жақында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сондықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды», – деді Тоқаев.

Еске салсақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елде парламенттік реформа жүргізіп, бір палаталы парламент құру туралы бастама көтерген болатын.