
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 40-қа жуық бабына өзгерістер енгізілетінін жариялады.
«Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгерістер Ата заңның шамамен 40 бабын қамтиды. Осыдан кейін кемінде 10 конституциялық заң мен 50-ден астам кодекс пен заңға тиісті түзетулер енгізілуі керек.
«Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, мұндай ауқымды жұмысты бір сәтте орындау мүмкін емес, сондықтан оған мұқият дайындық қажет.
Сондай-ақ Тоқаев Қазақстанда электронды парламент іске қосылатынын айтты.