Университеттер ЖИ-ге арналған суперкомпьютерлерге қосылады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Елдегі университеттер жасанды интеллект (ЖИ) саласында маман даярлау және зерттеу жүргізу үшін қуатты суперкомпьютер желісіне қол жеткізеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова мәлімдеді.

Оның айтуынша, елдегі жетекші университеттер ЖИ-ге арналған инфрақұрылымды белсенді түрде дамытып жатыр. Арнайы орталықтар мен зертханалар құрылып, бейінді кафедралар ашылуда.

«Сондай-ақ ҚазҰУ, ЕҰУ, Сәтбаев университеті және Назарбаев Университеті базасында суперкомпьютерлік академиялық кластер қалыптасып жатыр. Болашақта бұл қуаттар біріктіріліп, еліміздің барлық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарына ортақ қолжетімді желіге айналады», – деді ол.

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект (ЖИ) саласында маман даярлайтын мамандандырылған зерттеу университетін құруды тапсырған болатын. Университетке ерекше мәртебе беріледі. Ал оның жұмысына әлемнің үздік жоғары оқу орындары тартылады. Үкімет тиісті ұсыныстарды 2025 жылдың соңына дейін дайындауы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз