
Түркістанда көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер иелері үйіндінің астында қаламыз ба деп алаңдайды. Олардың жылдар бойы кезекте тұрып мемлекеттен жалға алған баспаналарынан ақау шыққан. Әкімдік пәтерлерді жөндеп беруге уәде бергенімен, қабырғасының жарылуы тоқтамаған.
Түркістан қаласы Отырар ықшам ауданы №32 көпқабатты тұрғын үй тұрғыны Ләззат Жұманованың 7 баласы бар. Ол осыдан 6 жыл бұрын мемлекеттен тегін жалдамалы пәтер алған. Әйткенмен, жыл өтпей үйінің қабырғасы жарыла бастаған. Содан бері мазасы кеткен.

«Мынаны қараңыздар, сұмдық қой. Қоныстанғанымызға көп болмай подъезден су кетті. Артынан іргетасы шөкті. Сөйтсек, асты топырақ, кәдімгідей лай екен. Әуелі 1, 2-қабаттағы пәтерлердің қабырғасы жарылды. Жарылғанда сырттан ішке жарық түсіп тұрды. Осы мәселені қала әкімдігіне айтып жүргенімізге 5 жылдан асты. Бірақ нәтиже жоқ. Үй әлі шөгіп жатыр», – дейді Ләззат Жұманова.
Көпқабатты тұрғын үйден пәтер көпбалалы отбасылармен бірге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да берілген. Бірақ тұрғындардың қуанышы көпке созылмаған. Төбесінен су аққан, құбыры жарылған, жертөлесі суға толған.
«Жарық 5 см-ге дейін жетті. Бәрін видеоға түсіріп алдық. Пена құйды да, сыртынан сылап кетті. Енді жарылмайтынына кепіл береміз деді. Қай жері қалай қазылды, қандай арматура салынды, қай жерге дейін цемент құйылды, бәрі бар. Жөндеу жұмысына көңіліміз толмай тұр. Үйдің төбесін қамытпен қатырып береміз деген. Қайдан қатырып береді? Бұл үйде сейсмикалық белбеу құйылмаған. Мал қора соқсам да құламайтындай етіп соғамын ғой, – дейді тұрғын Абылғазы Бейсенов күйініп. – Қамыттау үшін цементтен жасалған сейсмикалық белбеу керек. Тесіп көрді, айнала кірпіш. Болмаған соң, жұмысшылар жұмысты тастап кетті. Мысалы, суағар істеді. Малқорама олай арық қазбаймын.
Осы үйдегі 11-пәтер тұрғыны Сахида Хабиболлаеваның қазіргі бар уайымы баспанасы. Үй қабырғасынан бөлек құбырлары жарыла бастаған. Әсіресе, жылу берілгенде үйді су алады.

«Байқасаңыз, құбырлардың бәрі қырық жамау. Үй жылымайды. Күніміз қорқынышпен өтіп жатыр. Қанша жөндеу жасасақ та қабырғадағы жарық кетер емес. Мысалы, біздің пәтердің асханасы, жуынатын бөлме, кіреберіс бәрінде жарық бар», – дейді Сахида Хабиболлаева.
Тұрғындар жалғыз баспанасының жайы туралы қала әкімдігіне 5 жылда 3 рет шағымданған. Әкімдік үйді жөндеткенімен, қабырғаның жарылуы тоқтамаған. Көпқабатты тұрғын үйді жөндеуге арнайы компания жалданған. Компанияға үй іргесін бекіту, қабырғасы жарылған 18 пәтер мен подъезді жөндеу міндеттелген.
«Біз жөндеу жүргіздік. 1-2 жыл кепілдк бере аламын. Бұзылмай тұрады. Оған ешқандай күмән жоқ», – дейді компания өкілі Ерлан Жолдасов.
Тұрғындардың шағымы қала әкімдігіне таныс. Қалалық құрылыс бөлімінің дерегінше, ақау үй астындағы топырақтың дұрыс отырмауынан басталған Қазір тұрғын үйдің 18 пәтеріне сызат түскен. Оны демеушілердің есебінен жөндеу жүріп жатыр.
«Тұрғын үйге техникалық зерттеу жасадық. Үй апатты жағдайда емес, жөндеуге, бекітуге келеді. Тәуелсіз құрылыс компаниясын шақырдық. Олар да зерттеп қорытындысын берді. Жарық жертөледен басталған. Жертөленің іші және сыртынан әр 4-5 метр сайын іргетасын бекіт деді, бекіттік. Қазір мұны толық орындап шықтық», – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Дәурен Мәуленов.
Құрылыс басқармасы үйдің қабырғасы сөгіліп, құламауына тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы кепіл екенін алға тартып отыр.
«Құлайтындай, үрей туғызатындай мәселе жоқ, тек көпқабатты тұрғын үйді 4-қабатына дейін бекіту жұмысы қалған», – деді бөлім басшысы.
Бөлім басшысы жаңа үйдің қабырғаларының аздап жарылуы қалыпты жағдай деп түсіндіреді.